Ақтөбедегі «Оңтүстік-Батыс» ауданында жол жөндеу жұмыстары созбалаңға салынған
Ақтөбе қаласындағы «Оңтүстік-Батыс» ауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері жол азабын тартып келеді. Бірнеше жыл бұрын басталған жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған. Әсіресе, күн райы бұзылып, жаңбыр жауса, көшелермен жүру мүмкін емес дейді көпшілік. Белшеден батпақ кешкен жұрт мектепке, ауруханаға, тіпті аялдамаға жетудің өзі мұңға айналғанын айтып, базынасын білдірді, — деп хабарлайды Almaty.tv.
Аудандағы көшелердің бүгінгі ахуалы көңіл көншітпейді: ми батпақ пен ойық шұңқырлар аяқ алып жүруді қиындатқан. Тұрғындардың айтуынша, құрғақ күннің өзінде қатынау оңай емес, ал жауыннан кейін жағдай тіпті қиындай түседі. Қала тұрғыны Олеся Өтегенова күнделікті қиындықтарды былай баяндады:
«Балалар мектепке жеткенше киімі былғанады. Емханаға барудың өзі қиын. Жердің бәрі балшық, тайғақ. Жаңбыр кезінде өзім де бірнеше рет құлап қалдым», — дейді ашынған тұрғын.
Жергілікті жұрттың сөзінше, бұл аумақта жол жөндеу жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталған. Алайда содан бері мердігерлер жиі ауысып, құрылыс созбалаңға салынған. Кей көшелерде шаруа әлі толық аяқталмаса, енді бірінде бұрын төселген жолдың қайта бұзылып жатқаны халықтың ашуын туғызып отыр. Қала тұрғыны Құрманғали Мұзбаев бақылаудың жоқтығын айтады:
«Жыл сайын мердігер ауысады. Біреуі Семейден келеді, біреуі Түркістаннан келеді. Оның барлығын бақылап жатқан бірде-бір мекеме басшысы көрінбейді. Бордюрді салады да, қайта алып тастайды. Көшені қырады, қайта салады. Келесі жылы ол қармен бірге еріп кетеді», — дейді ол.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 22 көшені қамтитын бұл ауқымды жоба 2024 жылы басталған және оған шамамен 7 миллиард теңге бөлінген. Бірақ бүгінге дейін тек жеті көшедегі жұмыс қана аяқталған. Кейбір учаскелерде сапасыз төселген асфальттың жарамсыздығы анықталып, қайта алынып тасталған. Жағдайды Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Әділбек Ахмет былай түсіндірді:
«Салынған асфальт зертханалық тексерістен өткен жоқ, сондықтан оған бюджеттен қаражат төленбеді. Қазір оны қайтадан қырып алып, дұрыс қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстың бітпей тұрған себебі — қасында инженерлік желілер бар. Солардың бәрін техникалық талаптарға сәйкес орнатып, содан кейін барып жұмыстарды аяқтаймыз», — деді бас маман.
Әкімдік өкілдері аудан жолдары жаз мезгілі біткенше толық ретке келтіріледі деп сендіріп отыр. Алайда құрғақ уәдеден әбден шаршаған «Оңтүстік-Батыс» тұрғындары жұмыстың сапалы әрі тезірек біткенін талап етуде.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде