Ақтөбеде әріптесін өлтіріп, көміп тастаған ер адам сотталды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Ол кісі өлтіру және ірі көлемдегі бопсалау баптары бойынша кінәлі деп танылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде 32 жастағы ер адам әріптесін өлтіргені және ақша бопсалағаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Диапазон» басылымының жазуынша, сот материалдарына сәйкес, зауытта машинист болып жұмыс істеген Әсет есімді ер адам әріптесін аңдып жүріп, оны жұмысқа бара жатқан жерінен көлігіне отырғызып алған соң қала сыртына алып кеткен.

«Ол жәбірленушіні 7,7 млн теңге көлемінде кредит рәсімдеуге мәжбүрлеп, алынған қаражатты танысының шотына аудартқан. Содан кейін ер адам әріптесін өлтіріп, денесін Алға ауданы аумағында көміп кеткен», - делінген хабарламада.

Қылмысын жасыру үшін Әсет танысынан көмектесуді сұраған. Танысы қылмыс туралы білгеніне қарамастан, оған жер қазуға қажетті құрал-сайман әкеліп берген.

Сотта Әсеттің кінәсі толық дәлелденіп, ол кісі өлтіру және ірі көлемдегі бопсалау баптары бойынша кінәлі деп танылды. Үкімге сәйкес, ол 20 жыл абақтыда отырады. Ал оған көмектескен адам қылмысты жасыруға қатысқаны үшін амнистия ескеріле отырып, 3 жыл 2 ай мерзімге сотталды.

Сонымен қатар сот қылмыскерден марқұмның туыстарына 10 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіруді міндеттеді.

Оқи отырыңыз: Енді қазақстандықтардың табысы жаңа әдіспен айқындалмақ

Новости партнеров