Көпшілік жол жабылып, көлік тұрағынсыз қалатынын айтып дабыл қақты
Ақтөбеде шу шықты. Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында аяқ астынан сауда үйінің құрылысы басталып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, бұл жер ешкімге берілмеген, ал рұқсат мүлде сұралмаған. Енді көпшілік балаларының мектепке барар жолы жабылатынын, көлік тұрағынсыз қалатынын айтып дабыл қағып отыр. Наразылық танытқандар құрылысты тоқтатып, жерді қайтаруды талап етеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Есет батыр» ықшамауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйлер 2017 жылы пайдалануға берілген. Тұрғындар осы уақыт аралығында еш уайымсыз күн кешкен. Бірақ ауласына қоршау салынып, техникалар қаптай бастағандықтан, көпшіліктен маза кетіпті. Жергілікті жұрттың айтуынша, 500 шаршы метр аумақта екі қабатты сауда үйінің құрылысы басталмақ. Ал айналада дүкендердің жеткілікті екенін айтқан бұқара жаңа нысанның жүріс-тұрысқа кедергі болатынын алға тартып отыр.
«Мына жерде заңсыз құрылыс жүріп жатыр. Оның үстіне, бұл маңда бізде футбол алаңы жоқ, балалар дәл осы аумақта ойнап жүрген. Бірақ аяқ астынан 15 күн бұрын құрылыс басталып кетті. Қазір тұрғындар болып, бұл жағдайға қарсылық танытып отырмыз. Себебі бәріміз мына тар аумаққа сыймаймыз. Біз ХҚКО-ға барып, тиісті құжаттарымызды тапсырдық. Сол кезде осы 500 шаршы метр аумақ бізге тиесілі екені белгілі болды», - деді қала тұрғыны Гүлдана Боранбайқызы.
«Көлікпен келгенде біз осы жерге қоятынбыз, енді орын жоқ. Темір тұлпарымызды қайда қоямыз сонда? Бұл біздің аумақ қой. Ертең су мен тоқты да біздің үйден тартады. Сонда біз дымсыз қалмақпыз ба?» - дейді қала тұрғыны Бағдагүл Есенбаева.
Тұрғындар шағымын әкімдікке де, прокуратураға да жолдаған. Дегенмен нәтиже әлі жоқ. Ал жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері бұған дейін құрылыс алаңына келген. Бірақ көпшілік мамандардың нақты жауап бере алмағанын айтады. Әкімдік болса, жер телімінің 2020 жылы электронды портал арқылы жеке тұлғаға 7 жыл мерзімге сатылғанын жеткізді.
«Қажетті құжаттың барлығы дайын. Олар құрылыс жүргізе алады. Бірақ тұрғындар дүкеннің салынуына қарсы. Сондықтан көпшіліктің шағымдануға, сотқа жүгінуге құқығы бар», - деді Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Қуандық Тапаев.
Көпқабатты үйдің тұрғындары қайткен күннің өзінде берілмейтіндерін айтады. Олар құрылысты тоқтатып, заң аясында әділдікке жетуге оқталып отыр.
Рүстем Айткәрім, Нұргүл Тілепова, Айдын Спанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Енді төлем картасының дерегін бөгде адамға бергендер жауапқа тартылады