Комитеттің хабарлауынша, «Электрондық күнделікті жаңарту» деген сылтаумен олар SMS арқылы келген бір реттік құпия кодтарды сұрайды
Жаңа оқу жылы басталғалы бері алаяқтар балаларға қоңырау шалып, өзін мұғаліммін деп таныстырып жүр, деп хабарлайы Almaty.tv тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап.
Комитеттің хабарлауынша, «Электрондық күнделікті жаңарту» деген сылтаумен олар SMS арқылы келген бір реттік құпия кодтарды сұрайды. Бала оны ата-анасына немесе мектебіне көмектесіп жатырмын деп ойлауы мүмкін. Іс жүзінде алаяқтар осы кодтарды пайдаланып, «Электрондық үкімет» жүйесіне, онлайн-банкингке немесе туыстарының банк шоттарына қол жеткізеді.
Осы ретте министрлік SMS-тегі кодтардың жеке мәлімет екенін және оларды ата-анадан басқа ешкімге айтуға болмайтынын ескертті.
Баламен әңгімелескенде ерекше мән беретін жайттар:
* қандай жағдайда да SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеу;
* қоңырау шалған адам өзін мұғалім немесе мектеп қызметкерімін десе де, бірден ата-анасына хабарласу;
* күдікті сілтемелерге өтпеу, бейтаныс қосымшаларды жүктемеу.
Ата-аналар не істей алады:
* балаға шынайы мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері ешқашан SMS кодтарын немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын түсіндіру;
* телефонға ата-ана бақылауын орнатып, беймәлім нөмірлерден келетін қоңырауларды қадағалау;
* балаңызбен сенімді қарым-қатынас орнатып, осы сынды жағдайды жасырмай айтуға болатынын сездіру.
"Күдікті әрекеттер байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе 111 Байланыс орталығына хабарласуға болады. Балаларыңызды қорғаңыздар — олардың қауіпсіздігі сіздің қырағылығыңыздан басталады!" - делінген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті таратқан хабарламада.
Оқи отырыңыз: Елімізде жаз мезгілінде 4 млн-нан астам жолаушы пойызбен қатынады