Сонымен қатар шетелдік туристер саны 82 пайызға артқан
Биыл Алакөлге 2 миллионнан астам демалушы келеді деп болжанып отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 11,1 пайызға көп. Еліміздегі ең танымал әрі сұранысқа ие туристік бағыттардың бірі саналатын өңірде бұған дейін электр қуаты, ауызсу, кәріз жүйесі және тазалыққа қатысты мәселелер болған. Алайда жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл бұл олқылықтар шешімін тапқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалауға 40 құтқару мұнарасы, жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын қалқымалы буй желісі және 7 пирс орнатылған. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 50-ге жуық полиция қызметкері, 16 қызметтік автокөлік пен 5 дрон жұмылдырылған.
Ресми деректерге сәйкес, былтыр Алакөлге 1,8 миллион, ал 2024 жылы 1,7 миллион турист келген. Биыл курорттық аймақта 2 миллионнан астам демалушы болады деген болжам бар.
Статистикаға сәйкес, Алакөл ауданында көрсетілген қызмет көлемі 5,7 миллиард теңгеге жетсе, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,6 миллиард теңгені құраған. Ал салық түсімі 580 миллион теңгеден асқан.
Сонымен қатар шетелдік туристер саны 82 пайызға артып, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың жүзеге асуына оң әсер еткен. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, бірнеше жылдан бері өзекті болған электр қуаты, ауызсу және кәріз жүйесіне қатысты мәселелер биыл ретке келтірілген.
«Электр қуатына қатысты көп мәселе болатын. Қазір мұнда электр жүйесі түгел жаңартылып, қайта жүргізілді. Бүгінде электр қуатына қатысты ешқандай мәселе жоқ. Егер қандай да бір мәселе туындаса, ол демалыс орнының ішкі желілеріне байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар су жүйесі толық орталықтандырылған. Су сапасы талапқа сай. Су маусымы басталар алдында арнайы талдау жүргізілді, нәтижесі қалыпты», – деді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев.
Алакөл жағалауындағы Ақши ауылында тәулігіне 86 мың текше метрден астам ағын суды тазартатын кәріз-тазарту нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа инфрақұрылым пайдалануға берілгеннен кейін жағалаудағы демалыс орындарының кәріз сулары толықтай орталықтандырылған жүйеге қосылып, тазартылған су көгалдандыру жұмыстарына жұмсалады.
Бұған дейін демалыс орындарында қарапайым септиктер қолданылып, ағын сулар қоршаған ортаға, тіпті Алакөлге дейін жететін. Енді барлық ағын су сорғы стансалары арқылы жаңа тазарту нысанына жеткізіледі. Мердігер мекеме негізгі құрылыс жұмыстарын биыл қыркүйек-қазан айларында аяқтауды жоспарлап отыр.
«70 шақырым кәріз желісі тартылды. 8 кәріз-сорғы стансасы салынды. Қазір тазарту құрылысын жүргізіп жатырмыз. Барлық ағын су осы нысанға жеткізіліп, биологиялық тазартудан өтеді. Кейін арнайы сүзгілеу технологиясы арқылы қайта тазартылып, Ақши ауылындағы көгалдарды суаруға пайдаланылады», – деді мердігер мекеменің директоры Мәди Отарбаев.
Туристердің қауіпсіздігі де басты назарда. Қазір жағалауда 39 «ақылды» бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 30-ы Ақши ауылында, 9-ы Көктұма ауылында жұмыс істейді.
Сонымен қатар өңірде 14 кәсіби құтқарушы тұрақты кезекшілік атқарады. Олардың қарамағында 11 жүзу құралы бар.
Бұдан бөлек, демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін 720 қоқыс жәшігі, 44 киім ауыстыру кабинасы, 24 модульдік және 45 биодәретхана орналастырылған.
«Халыққа барлық жағдай жасалған. Әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылады, бірақ бәрі өз орнында. Отбасымызбен келдік, жақсы демалып жатырмыз. Бағасы да қалтаға салмақ салмайды», – деді демалушы Айнар Смағұлов.
«Көпшілік сенбеуі мүмкін, бірақ мен Алакөлге бір апта демалғаннан кейін шашымның түсі өзгергенін байқаймын. Бұл әсері бірнеше айға дейін сақталады. Көлдің суы өте жақсы, тұзды. Денедегі жаралар мен түрлі бөртпелердің жазылуына да пайдасы бар», – деді демалушы Ержан Жәдігерұлы.
«Туристер жақсы келіп жатыр. Жан-жақтан келеді. Алакөлдің емдік қасиеті жоғары. Көп адам демалып, риза болып қайтады. Келесі жылы тағы келетіндерін айтып жатады», – деді саудагер Мерей Ерланқызы.
Алакөлдегі шешімін күткен мәселелердің бірі – жергілікті бизнестегі кейбір олқылықтар. Жетісу облысы әкімдігінің мәліметінше, кейбір кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін демалушылар мен қызметкерлердің нақты санын төмен көрсетеді. Мәселен, 320 демалыс орнының 126-сы әлі күнге дейін бақылау-касса аппараттарын пайдаланбай, төлемдерді қолма-қол немесе жеке аударым арқылы қабылдап отыр.
Айдана Шалқар, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Алдағы күндері 40 градусқа дейін ыстық болады - синоптиктер