Алаш Республикасы егемен, тәуелсіз мемлекет ретінде танылған: ғалымдар тың дерек тапты

Ғалымдардың мәлімдеуінше, Жапония архивтерінен табылған құжаттарда 1919 жылы Алаш Орда өкілдерінің Жапон үкіметіне жолдаған ресми хаттары анықталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алаш Республикасы егемен, тәуелсіз мемлекет ретінде танылған. Сыртқы саясат жүргізіп, шет елдермен тұрақты байланыс орнатқан. Бұл – Еуропа елдері мен Жапония архивтерінен табылған деректерді дәлелге келтірген ғалымдар пікірі,  

«Чехия, Словакия және Жапония архивтеріндегі Әлихан Бөкейхан және Алаш Орда тарихы». Осындай атаумен өткен жиында ұлт көсемі мен Алаш үкіметіне қатысты 2021–2025 жылдары шетел архивтері, кітапханалар мен жеке қорлардан табылған жаңа құжаттар таныстырылды. Құнды деректерде 1917–1920 жылдары Алаш Республикасының егемен мемлекет болғанын дәлелдейтін айғақтар келтірілген.

«Ресей Империясының тұтқынына түскен Чех, Словак жауынгерлері мен офицерлерінен құралған Чехословак корпусына Алаш Орда үкіметінің 2 мың жылқы және қару-жарақ көмекке беріп, екеуі бірлесіп, Алаш Республикасының жер аумағын және Сібірді, Еділ, Жайық бойын, Оралды большевиктерден тазартқаны, қуып шыққаны туралы тың мәліметтер келтіріледі. Бұл Алаш тарихында ешқашан мұндай мәліметтер, тарихи оқиғалар зерттелмеген», – деді «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан хан Аққұлұлы.

Ғалымдардың мәлімдеуінше, Жапония архивтерінен табылған құжаттарда 1919 жылы Алаш Орда өкілдерінің Жапон үкіметіне жолдаған ресми хаттары анықталған. Онда екіжақты саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық байланыстар мен әскери-техникалық көмек көрсету мәселелері көтерілген. Бұдан бөлек, Парижде өткен Бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытынды жиынына Мұстафа Шоқайдың қатысқаны туралы дерек бар екен.           

«Индержок Дворжак деген Чех авторының 1921 жылы «Қазақтар» арасында деген кітап шығарады. Бұл кітап бұрын соңды ешбір жерде жарияланбаған. Қазақтың тарихында, мәдениетінде де көрініс таппаған кітап. Қазір 2026 жылы ол кітапты орысша, қазақшаға аударып шығарып жатырмыз. Ә. Бөкейханның ұлғасына қатысты өзі бір естелік жазған. Осы кітапқа енгізген. Оған қоса, қазақтың Кеңес Үкіметіне дейінгі қазақ жерінің картасын салып берген», – деді ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері Дінмұхаммед Байжұма

Отандық және шетелдік алаштанушы зерттеушілер, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен профессорлар қатысқан конференцияда «Әлихан және Алаш» көркем сурет көрмесі мен қос кітаптың және «Әлихан Бөкейхан. Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деректі фильмі таныстырылды.

Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров