Ұлыстың ұлы күні: Алматыда 200-ден аса іс-шара ұйымдастырылады

Қала көшелері ұлттық нақышта безендіріліп, тақырыптық инсталляциялар орнатылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда көктемнің шуағымен бірге жеткен, береке мен бірліктің бастауы болған  Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызды қарсы алуға дайындық қызу жүріп жатыр. Қала көшелері ұлттық нақышта безендіріліп, тақырыптық инсталляциялар орнатылған. Сауда ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық орындар да түрленіп, мерекелік көңіл-күй сыйлап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көктемнің алғашқы жылы лебі сезілген шаһар мерекені ерекше көңіл-күймен қарсы алып жатыр. Мегаполис көшелері мен қоғамдық орындар ою-өрнектермен, тақырыптық инсталляциялармен және жарық композицияларымен безендірілген. Жауапты басқарма өкілдері «Бұл – ұлттық дәстүрді жаңғыртып, мерекенің мәнін тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді» дейді. Биыл мерекелік концепцияда ұлттық стиль мен заманауи элементтер үйлестіріледі. Мәселен, Тұңғыш Президент саябағындағы «Бақыт бәйтерегі» – соған айғақ. Аталған инсталляция демеушілердің қолдауымен орнатылған.

«Жыл сайын Наурызға дайындық қызу болады. Жыл сайын жаңа заттар пайда болады. Қаланы әсемдейді, түрлі концерт болады», – деді қала тұрғыны Нұржас Әменов.

«Киіз үйлер тңігіліп, Наурызға дайындалып жатыр. Күшті көңіл-күй сыйлайды. Шынымен Наурыз болып жатқанын сезесің», – деді қала тұрғыны Аружан Жұмабекова.

Мерекелік атмосфера сауда ойын-сауық орталықтарынан да көрінеді. Кіреберістерде қонақтарды көктемгі әрі этностильдегі инсталляциялар қарсы алады. Ал орталық алаңдарда киіз үй элементтері қолданылып, арнайы фото аймақтар жасақталған.

Ал киізден жасалған бұл инсталляция келушілер үшін қарапайым безендіру емес, қазақы өмір салтын танытатын шағын көрме іспетті. Ерекше композиция көпшіліктің қызығушылығын арттырып, мерекелік атмосфераны еселей түскен. Асыр салып ойнаған балалар, арқан тартыс, ағаштар, киіз үйлер, таулар мен төрт түлік асқан шеберлікпен бейнеленген.

«Мұны дайындау үшін 20 шаршы метр киіз жұмсалды. 20 адам 2 ай бойы жұмыс істеді. Келушілерге барынша мерекелік атмосфера сыйлағымыз келді. Сондай-ақ алда мәдени іс-шаралар да ұйымдастырамыз. Атап өтерлігі, сахналанған қойылымдар әзірлеп, жәрмеңкелер жасалады», – деді  сауда ойын-сауық орталық директорының орынбасары Бауыржан Жаңабергенов.

Еске салайық, Ұлыстың ұлы күні елімізде биыл үшінші жыл қатарынан «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында аталып өтуде. Он күнге созылатын мереке Көрісуден басталып, Тазару күніне дейін жалғасады.

Алматыда да мәдени, спорттық һәм этно бағыттағы 200-дей іс-шара ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлап жатыр.  Ал негізгі іс-шаралар легі 21-22 наурыз күндері өтеді. Оның аясында қаладағы басты алаңдарда ауқымы кең концерттер мен ұлттық мерекелік бағдарламалар жоспарланған.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Наурыз мейрамында Омаров көшесінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі

Новости партнеров