Алатау ауданында жол сапасын бақылау күшейтілді

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» баспасөз қызметі
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» баспасөз қызметі

Аталған жұмыстарды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Алматы қалалық филиалының мамандары жүзеге асырып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының тапсырысы бойынша Алатау ауданындағы көшелерде жүргізілетін орташа жөндеу жұмыстары аясында «Рахат-Мәдениет» шағынауданында инженерлік коммуникациялардан кейінгі жер қабатының тығыздалу сапасына сараптама жүргізілуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Аталған жұмыстарды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Алматы қалалық филиалының мамандары жүзеге асырып жатыр.

Мамандардың айтуынша, жол құрылысы кезінде төселетін қабаттың талапқа сай тығыздалуы – жол сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Өйткені инженерлік желілер тартылғаннан кейін қайта көмілген топырақ пен негіз дұрыс нығыздалмаса, уақыт өте келе жол жабындысында шөгу, жарықтар мен ойықтар пайда болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жолдың қызмет ету мерзімін қысқартады.

Осыған байланысты филиал инженерлері арнайы зертханалық құралдар арқылы жол негізінің тығыздық деңгейін тексеріп, нормативтік талаптарға сәйкестігін анықтауда. Сараптама нәтижелері бойынша ғана келесі жол-құрылыс жұмыстарына рұқсат беріледі.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Алматы қалалық филиалының инженері Досжан Сұрапбергенов жол төселетін негіздің сапалы дайындалуы аса маңызды екенін атап өтті.

"Инженерлік коммуникациялар жүргізілген аумақтарда топырақтың дұрыс тығыздалуы ерекше бақылауда болады. Себебі дәл осы кезеңде жіберілген кемшіліктер кейін жолдың отыруына немесе асфальт қабатының бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан біз әр нысанда зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізіп, көрсеткіштердің нормативке сәйкестігін қадағалаймыз", – деді маман.

Айта кетейік, бүгінде Алматыда жол сапасын бақылау жұмыстары күшейтіліп, жөндеу жұмыстарының әр кезеңі техникалық және зертханалық сараптамадан өткізілуде. Бұл қала көшелерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі саналады.

Оқи отырыңыз: Алматы жаңа автобус бағыты мен LRT ашып, «ақылды» бағдаршам қойғалы жатыр

Новости партнеров