Құрылтай үш жылдың бюджетін талқылады

Қазақстан Халық Кеңесін құру үшін бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Халық Кеңесін құру үшін бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінеді. Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, бұл қаражат тек жалақыға жұмсалмайды.Түрлі форум, сессиялар ұйымдастыруға, сондай-ақ іссапарлар мен әкімшілік шығын да осы соммаға кіреді. Вице-министр бүгін Құрылтайға 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құрылтай алдағы үш жылдың бюджетін талқылады. Құжатты депутаттарға қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы таныстырды. Үкіметтің жоспарына сәйкес, 2027 жылы бюджетке 25,4 триллион теңге кіріс түседі. Ал мемлекет 30,2 триллион теңге жұмсамақ. Осылайша, бюджет тапшылығы 4,6 триллион теңгені құрайды. Министрлер кабинеті дефицитті 2029 жылға қарай 0,4 пайызға дейін азайтпақ. Қазынаның шығыстарын айтар болсам, 2028 жылы 29,4 триллион, 2029 жылы 29,6 триллион теңге жұмсалмақ. Яғни 2028 жылы шығыстар 2027 жылмен салыстырғанда 800 миллиард теңгеге азаяды. Бұған қандай факторлар әсер ететінін вице-министрден сұрадық.

«2027 жылы Ұлттық қордан тартылатын нысанылы трансферттер 2 триллион болатын болса, 2028 жылы ол 1,5. Яғни, 500 миллионды осы жерден көруге болады. Екіншісі, егерде сіз байқасаңыз дефицитті азайтып жатырмыз. Үшінші, ірі жобалардың аяқталуы 2027 жылға келіп тұр», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы.

 Ұлттық қор демекші, Үкімет алдағы үш жылда қордан 5 триллион теңге алуға ниетті. Оған 347 стратегиялық жобаны жүзеге асырмақ. Оның 4,4 триллионы көлік-логистика, әлеуметтік сала, энергетика және су инфрақұрылымына жұмсалады. Ал бюджетке 3,7 триллион теңге салық түседі деп болжанған. Экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Ұлттық қордан алынатын қосымша қаражат инфляцияға айтарлықтай әсер етпейтінін айтады. Сондай-ақ ол қордағы валюталық активтер 2029 жылға қарай 70,6 миллиард долларға дейін өседі деп болжап отыр.

«Ұлттық қор кірісінің екі негізгі көзі бар. Біріншісі – мұнайдан бөлек, шикізаттық емес сектордан түсетін салықтық түсімдер. Екіншісі – қор активтерін тиімді басқару арқылы алынатын инвестициялық табыс. Яғни Ұлттық банк қор қаражатын тиімді орналастырып, одан қосымша кіріс алуға жұмыс істейді», – деді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.

Үкіметтің болжамынша, 2027-2029 жылдары ел  экономикасы жыл сайын 5 пайыздан жоғары өсім көрсетуі тиіс. Жалпы, үш жылдық бюджетте әлеуметтік салаға басымдық берілген. 2027 жылы әлеуметтік көмек пен қамсыздандыруға 6,9 триллион теңге, денсаулық сақтау саласына 2,5 триллион бөлінеді. Ал адами капиталды дамытуға 10,5 триллион теңге қарастырылған. 

Үш жылдық бюджеттің әлі де талқылайтын тұсы көп. Бүгін депутаттарға тек заң жобасы таныстырылды. 14 қазанда Құрылтайда бірінші оқылым өтеді. Оған дейін бюджет шығыстары, көлемі, тапшылығы және басқа да негізгі көрсеткіштер жан-жақты қаралады. Одан кейінгі отырыстарда депутаттар ең төменгі жалақы мәселесін көтермекші. Ол қазіргі 85 мың теңге деңгейінде қала ма әлде, өсе ме? Уақыт еншісінде.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Жылу ақысы қайта есептелді: тұтынушыларға 1,2 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылады