Алғашқы Құрылтай сайлауы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде өтті - Президент

Ақорда
Ақорда

Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде қазір бүкіл билік жүйесін және қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Осыдан бірнеше күн бұрын алғашқы Құрылтай сайлауы өтті. Ал кеше оның нәтижелері шықты. Бұл өте маңызды саяси науқан, саяси іс-шара деп те айтуға болады, шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде ұйымдастырылды.  

Осы істе Орталық сайлау комиссиясы үлкен рөл атқарды. Сайлау үдерісіне дұрыс шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиясы енгізілуде. Мұндай әдіс-тәсілдер науқанның сапасын арттыра түсті.  

Сондай-ақ сайлауға шетелдік байқаушылар тарапынан да қызығушылық жоғары болды. Халықаралық қауымдастық сайлау нәтижесін мойындады, оның ұлттық заңнамаға және барлық талаптарға сай өткенін атап өтті.  

Мен бүгін Конституцияның 46-бабына сәйкес бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Алқалы жиын 28 тамыз күні болады. Оған дейін Құрылтайға өткен партиялар депутаттардың тізімін әзірлеуге тиіс», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтты.   

«Партиялар ұсынған тізімге тәжірибесі мол түрлі мамандық иелерімен қатар, саясатқа жаңадан келген азаматтар да енді. Олардың қатарында қабілетті жастар, солардың ішінде Президенттің кадрлық резервінің мүшелері бар.  

Жаңа буын өкілдері саяси науқанды жандандыра түскені сөзсіз. Халыққа адал қызмет еткісі келетін, жауапкершіліктен тайсалмайтын, жаңашыл адамдардың бәріне бірдей мүмкіндік берілді. Түптеп келгенде, бұл – қалыпты, яғни эволюциялық үдеріс.  

Осы орайда саяси партиялардың белсенділігін, олардың идеологиялық ұстанымдарын, кәсіби деңгейін ерекше атап өткім келеді.  

Саяси дода кезінде ел болашағына тікелей ықпал ететін ұтымды ұсыныстар айтылды.  

Сайлаушылар да бұл жұмыстан тыс қалған жоқ, олар әр мәселе бойынша өз пікірлерін ашық білдіріп отырды. Бұл үгіт-насихат кезінде болған ұлттық теледебаттардан, ақпарат алаңындағы ашық пікірталастардан анық байқалды.

Осылайша, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік және пікір алуандығы құндылықтары орнығып жатыр, жаңа саяси мәдениет қалыптасуда», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Оқи отырыңыз: Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі: Президент ұстаздардың ел болашағындағы рөлі туралы