Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлағандай, ұстаздардың биылғы жиыны «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналып отыр.
Мемлекет басшысы ұстаздар қауымын дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтады.
«Бүгінгі жиынға Қазақстанның барлық аймағынан ұлағатты ұстаздар арнайы келіп отыр. Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат. Бүгін өте ұтымды, мазмұнды баяндамаларды тыңдадық, тиімді пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлеген ұстаздарға, бүкіл мұғалімдер қауымына ризашылығымды, ілтипатымды білдіремін. Тиісті министрлік, жалпы Үкімет айтылған мәселелерді үнемі назарда ұстауы керек. Бұл жұмысты аса маңызды стратегиялық міндет деп түсіну қажет. Ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын болары айдан анық. Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Осылайша, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер», - деді Мемлекетт басшысы.
Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілгеніне тоқталды.
«Биылғы Тамыз конференциясы еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келді. Бәріміз бір ел болып, түбегейлі реформаларды ойдағыдай жүзеге асырдық. Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Халық Конституциясы қабылданды. Тұтас қоғам қолдаған Ата заң бірінші шілде күні күшіне енді. Бұл – еліміз үшін маңызы ерекше тарихи оқиға. Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды», - деді Президент.
Оқи отырыңыз: Алматы әуежайы ұшу-қону жолағын кезең-кезеңімен жаңғыртып жатыр