Алимент төлемегендерге жаза күшейді: Алматыда 400 млн теңге өндірілді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Алименттен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың алимент алу құқығын қорғау бағытындағы жұмысты күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ведомство мәліметінше, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – прокуратура қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі. Соның ішінде алимент төлеуден жалтару, табысын жасыру деректерін анықтау және борышкерлердің міндеттемелерін орындауын бақылау ерекше назарда.

Жүргізілген талдау барысында алимент бойынша 3,4 млн теңгеден астам қарызы бола тұра, борышкерлердің бірі ЖШС арқылы 1,4 млн теңгеден астам табыс тапқаны анықталған. Алайда ол үш айдан астам уақыт бойы алимент төлеу міндетін әдейі орындамаған.

2026 жылдың басынан бері прокуратура бастамасымен алимент төлеуден жалтарған 17 борышкерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша істер тіркелді. Сонымен қатар сот шешімдерін орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабымен 95 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Қабылданған шаралардың нәтижесінде 350 баланың пайдасына 400 млн теңгеден астам алимент қарызы өндірілді", - делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратура ата-аналарға балаларды асырау міндеті заңмен жүктелгенін еске салып, алиментті уақытылы төлеуге шақырады. Алименттен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Астана алаңында Наурыз мерекесіне орай мерекелік іс-шаралар өтеді

Новости партнеров