Алина Кан: Мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту – маңызды
Ұстаз мәртебесін көтеру, ауыз суды үнемдеу және стратегиялық шикізат қорын қалыптастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ел дамуының осы бағыттарына ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы мұғалімдерді артық жүктемеден арылтып, білім сапасын арттыруды тапсырды. Сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану мен табиғи байлықты тиімді басқарудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұстаздың басты міндеті – ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Алайда мұғалімдердің уақытын алатын артық есеп-қисап әлі де азаймай отыр. Президент осы мәселеге тоқталып, педагогтерді қағазбастылықтан арылтуды тапсырды. Сондай-ақ шәкірт тарапынан көрсетілетін дөрекілік пен мектеп әкімшілігінің қысымына жол бермеу қажет екенін айтты.
«Мұғалім ретінде Мемлекет басшысының ұстаздың басты міндеті – балаға білім беру екенін атап өткеніне қуаныштымын. Өйткені қазір педагогтер уақытының көп бөлігін түрлі құжат толтыруға, есеп беруге жұмсайды. Сондықтан ұстаздарды артық қағазбастылықтан арылтып, олардың негізгі жұмысына ден қоюына мүмкіндік беру өте маңызды. Сондай-ақ алдағы уақытта жаңа мектептер мен ауруханалар, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтар салу жоспарланып отыр. Бұл да қоғам үшін аса маңызды бастама деп ойлаймын», – деді Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Алина Кан.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы тіршілік нәрін үнемдеуге айрықша тоқталды. Әсіресе көлік жуу орындарында ауыз суды мақсатсыз пайдалануға тосқауыл қоюды тапсырды. Осы мақсатта тарифтерді реформалауды аяқтап, су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін қалыптастыру көзделген. Президент табиғи байлықты ұтымды пайдаланумен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясаттың басымдықтарын да айқындады.
«Жолдаудағы еліміздің әлеуметтік экономикалық даму мәселелеріне Мемлекет басшысы айрықша көңіл бөлді. Өйткені өздеріңізге мәлім, еліміздегі барлық саяси реформаларды кейінгі кезде атқардық. Соған байланысты Конституция қабылдадық. Біздегі заң шығарушы орган да, басқа органдарда саяси тұрғыдан жаңарды. Енді олардың алдына үлкен міндет тұр, олар атқаруға тиіс», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры Досалы Салқынбек.
Жолдауда елдің өндірістік әлеуетін арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Президент АЭС-ті алдағы 100 жыл бойы отынмен қамтамасыз ету үшін уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құруды ұсынды. Сондай-ақ айрықша маңызды металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Ал жаңа металлургиялық зауыттарды салуда нарық сұранысы мен экономикалық тиімділік – басты өлшем деп қарастыруды тапсырылды.
Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Мұғалімдерге міндетті құжаттар қысқарады