Алма мен өнер тоғысқан мереке: Панфилов көшесінде Қала күні қалай өтуде
Елу шаруа қожалығы бас қосып, 200 тоннаға жуық алмасын қала тұрғындарына ұсынды
Алматының аты – алмамен егіз. Қала күнінде шаһардың осы бір символы мерекенің басты көркіне айналды. Панфилов көшесінде 50 шаруа қожалығы бас қосып, 200 тоннаға жуық алмасын қала тұрғындарына ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал көше бойында өнер мен ұлттық мәдениетті, экология мен заманауи технологияны тоғыстырған жеті тақырыптық кеңістік құрылған
Алматының орталық бөлігінде орналасқан Панфилов көшесінде мерекенің ерекшелігі – шаһардың сан қырын бір көшенің бойынан көруге болады. Ал соның ішінде Алматының атымен біте қайнасқан алмаға айрықша орын берілген. Қала күніне орай жайылған жәрмеңкеге еліміздің әр өңірінен 50 шаруа қожалығы келіп, 200 тоннаға жуық өнім әкелген. Сөрелерде жемістің сан алуан түрі қойылған. Бірі дәмін татып көрсе, енді бірі көңілінен шыққанын таңдап, саудасын жасап жатыр.
Мерекелік бағдарлама мұнымен шектелмейді. Панфилов көшесінің бойында мазмұны бөлек 7 тақырыптық аймақ жұмыс істеп тұр. Бірінде жас суретшілер Алматының өткені мен бүгінін қылқаламмен бейнелесе, енді бірінде ұлттық өнер мен салт-дәстүр дәріптелуде. Ал «Алма Digital» кеңістігінде шаһар тарихы мен алма өсіру дәстүрі заманауи технологиялар арқылы жаңаша сипатта таныстырылып жатыр.
«Көрме Алматы қаласының музейлер бірлестігі мен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы ұйымдастырылды. Көрмеде 18-35 жас аралығындағы жастардың, Жас суретшілер одағына кіретіндердің туындысы қойылған. Қала күніне орай, қаланың әсем, көрікті жерлерін, ғимараттарын, тау бөктері сынды жақсы жерлері бейнелеген», – деді Алматы музейінің экскурсия жетекшісі Балерке Елтай.
Панфилов көшесіндегі думан күні бойы жалғасады. Ал Шаһардың 8 ауданында және қаланың негізгі нүктелерінде Қала күні сән-салтанатымен аталып өтіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Қала күні: «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді