Президент: Басты мақсат – азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту
Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі жетістіктер халқымыздың патриоттық сезімін оятатынын айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық пен тәртіптің ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Табиғатты аялау, өзара құрмет қағидаттарын, сондай-ақ барлық белгіленген нормалар мен ережелерді сақтау отандастарымыздың мінез-құлқының, тіпті ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Оның үстіне, қазір Конституцияның өзі осыған міндеттейді.
Тазалық, тәртіп және жайлылық әлемде халықтың тұрмыс мәдениеті мен өркениет деңгейінің, сондай-ақ адамгершілік қасиеттерінің көрінісі ретінде қарастырылады. Бұл – ақиқат", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылай деген Мемлекет басшысы елді абаттандыруды имидж үшін емес, халықтың жағдайы үшін жасау керек екеніне тоқталды.
«Жақында Астана мен Алматыға Американың белгілі конгрессмендері келді. Олар көшелердің тазалығы мен жинақылығына таңғалып, қаланы басқару деңгейі мен сапасына жоғары баға берді.
Әлеуметтік желілерде ірі қалаларымыздың келбетіне тәнті болған шетелдік қонақтар мен туристердің бейнежазбаларын жиі байқаймыз.
Көрікті қоғамдық кеңістіктер, қауіпсіздік пен жайлылық шетелде Қазақстанға қатысты оң пікір қалыптастырады. Бұл, әрине, қуантарлық жайт.
Дегенмен біз имидж үшін жұмыс істемей, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуды ойлауымыз керек. Басты мақсат – осы.
Ел ішіндегі жетістіктер халқымыздың патриоттық сезімін оятады. Өз елін мақтан тұтып, туған жерге пайдасын тигізуге үндейді», - деді Қ. Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Президент құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстайтынын айтты