Додада 32 мектептен келген жас спортшылар өзара бақ сынап, үздіктер анықталды
Алматыда Алмалы ауданының 90 жылдығына арналған мектеп оқушылары арасындағы футбол турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үш күнге созылған тартысты додада 32 мектептен келген жас спортшылар өзара бақ сынап, үздіктер анықталды. Турнир жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың командалық рухы мен жеңіске деген жігерін айқын көрсетті.
«Іс-шараны өткізу мақсаты – жастарды спортқа тәрбиелеу. Спорт– денсаулық кепілі деп. Физикалық тұрғыда адамның дамуы және жастардың келешекте спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру», – деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ербол Қалдарбеков.
Финалдық кезеңде шеберлік пен тактикалық дайындықтың жоғары деңгейін көрсеткен командалар арасынан №55 мектептің құрамасы топ жарып, чемпион атанды. Жеңімпаздарға арнайы кубок, медальдар мен қомақты ақшалай сыйлық табысталды. Турнир қорытындысы бойынша жас ойыншылардың әлеуеті жоғары екені байқалды. ¤
«Біз негізі қалалық жарыстарда ойнап жүргенбіз. Екі айдай болды. Бүгінгі турнирге дайындық та жақсы болды. Жарысқа қатысқан командалар жақсы ойнады. Енді осы жақсы дайындықтың, балалардың арқасында жеңіске жетіп отырмыз», – деді № 55 мектептің жаттықтырушысы Алмат Еркінбекұлы.
Оқи отырыңыз: Алматыда зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті