Алматы алдағы Құрылтай сайлауын өткізуге дайын

17.08.2026 18:29

«Алматы алдағы Құрылтай сайлауын өткізуге дайын». Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров шаһарға жасаған жұмыс сапары кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ ол жауапты мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, саяси науқанға әзірлік барысын пысықтады. Аптап ыстықты ескере отырып, дауыс беру учаскелерінде қолайлы жағдай жасап, салқындату жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қорытынды жұмыс сапарын Нұрлан Әбдіров қалалық 109 Open Almaty бірыңғай байланыс орталығынан бастады. Мұнда саяси науқанға орай арнайы желі іске қосылып, тұрғындардың сауалына жауап беретін бес оператор жұмылдырылған. Сайлау күні қарсаңында олардың саны 20-ға дейін артпақ. Бүгінге дейін орталық мамандарына 8,5 мыңға жуық өтініш түсіпті.¤

«Әзірге келіп түскен қоңырау саны 8570. Оның ішінде топ 5 сұрақты айта кетуге болады. Сайлау учаскелерінің номері, мекенжайына қатысты 6590, ал сайлау учаскесіне тіркелу және одан шығаруға қатысты 1120 қоңырау шалынды», – деді 109 Бірыңғай байланыс орталығы бірінші желісінің директоры Ақжайық Нұрғалиқызы.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Құрылтайға дайындалу және оны өткізу мәселелері бойынша шаһардағы мемлекеттік орган өкілдерімен кездесті. Алғаш болып қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы баяндама жасап, мегаполисте саяси науқанға қатысатындарға 670 дауыс беру учаскесі қызмет көрсететінін жеткізді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға 170 инватакси жұмылдырылып, 2 мыңға жуық азаматтың үйінде дауыс беруіне мүмкіндік жасалмақ. Бұдан бөлек, алматылықтарды ақпараттандыру жұмыстары да күшейтілген.

«Қала бойынша 69 билборд, 575 LED-экран, 91 аялдама кешені, LED-экран және «Mupi» форматындағы 35 конструкция қамтылды. Бұдан бөлек алдағы сайлау туралы материалдар жалпы қамтуы 1 миллионнан астам абонентті құрайтын «Алсеко» және «ИВЦ» түбіртектеріне орналастырылды. Бүгінгі күні БАҚ арқылы ақпараттық сүйемелдеу аясында 211 материал жарияланып, 28 телевизиялық сюжет әзірленді», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

«Алматыдағы учаскелер тиісті деңгейде материалдық техникалық жағынан толық қамтылған. Қазір күн ыстық, жаз. Кей учаскелердің көлемі де үлкен емес. Сол себепті осы қаладағы сайлау учаскелерінің температуралық жағдайын тиісті деңгейе ұстап тұру үшін жел беретін құралдарды дайындаңыздар, учаскелерге жеткізіңіздер деп өтініш айттым», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Сонымен қатар мазмұнды басқосуда полиция департаменті мен төтенше жағдайлар қызметі сынды бірнеше орган өкілдері баяндама жасап, 23-інші тамызға белгіленген саяси науқанды өткізуге толық дайын екендерін жеткізді.

Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Алматыға арнайы келіп, дайындықты тексергенін жазғанбыз.

Толық көрсету