Алматы – Бішкек тасжолының бір бөлігі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Тәулігіне 70 мың көлік жүретін жол жаңғыртылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Алматы облысының Қарасай ауданындағы халықаралық маңызы бар Алматы – Бішкек автожолының 19-27 шақырым аралығын күрделі жөндеу және кеңейту жұмыстарын бастады, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Компанияның мәліметінше, жоба Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бұл учаске еліміздегі ең қарқынды жолдардың бірі саналады. Мұнда тәулігіне 70 мыңнан астам көлік қатынайды. Соңғы жылдары көлік ағынының артуына байланысты қолданыстағы төрт жолақты жол жүктемені толық көтере алмай, кептеліс жиілеген.

Жоба аясында жол төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Сондай-ақ екі заманауи көлік айрығы, тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, тротуарлар, сыртқы жарықтандыру жүйесі және жаңа жол жабыны салынады.

Бұдан бөлек, газ құбырлары, су желілері, электрмен жабдықтау және талшықты-оптикалық байланыс желілері көшіріледі.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, бұл жоба Алматы агломерациясы үшін стратегиялық маңызға ие.

Жоба аяқталғаннан кейін Алматы қаласы мен қала маңындағы елдімекендер арасындағы қатынас жеңілдеп, жол жүру уақыты қысқарады. Сонымен қатар көлік кептелісі азайып, жол қозғалысының қауіпсіздігі артады.

Мамандардың айтуынша, жаңғырту жұмыстары халықаралық көлік дәлізін дамытуға және Алматы агломерациясының көлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алтынды заңсыз өңдеген жасырын цех анықталды