Алматы ботаникалық бағында 72 жыл бойы өсіп тұрған ағаш кесілді

Фото: Алматы ботаникалық бағы
Фото: Алматы ботаникалық бағы

2022 жылы ескі талдың жанына жас ағаш отырғызылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Бас ботаникалық бағы көпжылдық тарихы бар Вавилон талын алып тастауға мәжбүр болған. Бұл туралы бақтың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ресми мәлімдемеге сәйкес, 16 маусымда қатты жел мен найзағай кезінде бақтағы ең танымал ағаштардың бірі — Вавилон талының (Salix babylonica) 10 метрден асатын ірі діңі сынып түскен. Құлаған кезде қоршау мен жаяу жүргіншілерге арналған жиектас бүлінген. Бірақ келушілердің ешқайсысы зардап шеккен жоқ.

"Оқиғадан кейін мамандар ағашқа егжей-тегжейлі зерттеу жүргізді. Оның нәтижесінде ағашта жасына байланысты елеулі өзгерістер бары анықталды. Дәл осы жасырын ақаулар экстремалды жел жүктемесімен қатар келіп, діңнің сынуына себеп болған. Вавилон талы 1954 жылдан бері бақта өсіп тұр. Ағаш жетпіс жылдан астам уақыт бойы Ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми коллекциясының бір бөлігі", — делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар ботаникалық бақ тал өзінің сәндік көрінісін сақтағанмен, жүргізілген зерттеу барысында оның ішкі бөлігінде елеулі зақымдар анықталғанын хабарлады. Атап айтқанда: діңінің түбінде терең қуыс пайда болған, қабығы ажыраған, дің зиянкестері зақымдаған және өзек бөлігі шіріген.

"Ескі ағаштардың сыртқы көрінісі олардың ішкі жағдайын әрдайым көрсете бермейді", — деді бақ мамандары.

Ботаникалық бақ мәліметінше, мамандар ағаштың биологиялық жағдайын, қалған механикалық беріктігін және оны қауіпсіз түрде сақтап қалу мүмкіндігін бағалған. Нәтижесінде талдың қалған бөлігі авариялық жағдайда деп танылды. Оның кенеттен құлау қаупі бар.

"Арнайы шаралар арқылы ағашты қауіпсіз түрде сақтап қалу мүмкін болмады, ал оны одан әрі пайдалануды жалғастыру адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін еді. Осыған байланысты ағашты алып тастау туралы шешім қабылданды. 2026 жылғы 31 тамызда вавилон талы толықтай алынып тасталды", — деп түсіндірді бақ баспасөз қызметі.

Сонымен қатар бұл ағаштың тарихы Алматы үшін осымен үзілмейтіні атап өтілді. 2022 жылы ескі талдың жанына жас ағаш отырғызылған. Бүгінде ол белсенді өсу кезеңінде екен. Ботаникалық бақ бұл тал уақыт өте келе бақтың жаңа символына айналатынын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланы көгалдандыру мәселесі жөнінде жиын өткізді