Алматыда медициналық туризмді дамытуға бағытталған халықаралық форум өтті

Форумға халықаралық деңгейде мойындалған үндістандық жетекші дәрігерлер де қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өткен халықаралық медициналық туризм форумында денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық бағыттарды айқындап, жоғары технологияны дамытуға серпін беретін маңызды шешімдер күн тәртібіне шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиында онкология, трансплантология және нейрохирургия салаларын дамыту, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолдары кеңінен талқыланып, біразы шешімін тапты. Іс-шара аясында отандық клиникалар мен шетелдік серіктестер арасында меморандумға қол қойылды. Енді ақ халаттылардың тағылымдамадан өтуіне және тәжірибе алмасуына мүмкіндік молая түседі.  

“Онкология, трансплантология және нейрохирургия — медициналық туризмді дамытуға негіз болатын басты бағыттар. Бұл салаларда мықты база қалыптастырсақ, еліміздің тартымдылығы арта түседі. Біздің мамандар да әлемнің түрлі елдерінде білімін жетілдіріп, мол тәжірибе жинақтаған”, - деді медициналық клиниканың директоры Жәния Елемес.

Форумға халықаралық деңгейде мойындалған үндістандық жетекші дәрігерлер де қатысты. Олардың пікірінше, мұндай алаңдар Алматының жоғары технологиялы медицина орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.

“Үндістанның медицина саласындағы тәжірибесі өте мол. Бүгінгі меморандум сол тәжірибені кеңінен бөлісуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Науқастар үшін бір айға дейін берілетін тегін медициналық визалар бар. Қазір аса маңызды бағыттар талқылануда. Алдағы уақытта өз мамандарымызды Қазақстанға жіберіп, тәжірибе алмасуды жоспарлап отырмыз”, - деді Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Хоти Лал.

Оқи отырыңыз: Президент Ғылым және жоғары білім министріне бірқатар тапсырма берді

Новости партнеров