Биыл бірінші тоқсанда ғана 1 триллион 700 миллионнан аса салық төленді
Алматы қаласы ел бюджетінің негізгі доноры ретіндегі позициясын сақтап отыр. Өйткені, тек өткен жылдың өзінде мегаполис халқы мен кәсіпкерлер қазынаға 6 триллион теңгеден аса салық төлеген. Бұл – алдыңғы түсімдермен және өзге өңірлермен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қазынаның едәуір бөлігін толтырып отырған негізгі шаһар екені белгілі. Неге десеңіз, мегаполис республика бюджетіне түсетін барлық салықтың шамамен 25-30 пайызын қамтып отыр. Тек былтырдың өзінде қала халқы 6 триллион 600 миллион теңгеден аса салық төлеген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Себебі екі жыл бұрын жергілікті бюджетке түскен қаражат мөлшері 1 триллион теңгеге кем болған.
Ал биыл бірінші тоқсанда ғана 1 триллион 700 миллионнан аса салық төленсе, былтыр тура осы уақыт аралығында 1 жарым триллион теңге түсіпті. Осылайша, ауқымды реформаға қарамастан салық жүйесінде оң динамика байқалып отыр. Бұл іскерлік белсенділіктің төмендемегенін, керісінше, салық базасының кеңейіп жатқанын көрсетеді.
Айласын асырып, табысын жасырып жүргендерге де тықыр таянған секілді. Олай деуге негіз бар. Себебі, былтыр Алматы қаласы бойынша 5 миллион 695 мың теңгеден аса сомаға 11 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған. Алайда оның 8 жарым мыңнан астамына тек ескерту беріліпті. Ал әкімшілік айыппұлдардың ең жоғары сомасы 4 497 338 теңге. Бұл азаматтар - кірісін жасырып, табысын төмендетіп көрсеткен.
Бірақ биыл салықтық есептілікті уақытылы тапсырмаған жағдайда қатаң шара қарастырылмаған. Яғни, декларация белгіленген мерзімде ұсынылмаса, айыппұл салынбайды, шоттар бұғатталмайды. Оны мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесі автоматты түрде өзі тіркейді. Бұл - бизнеске түсетін жүктемені азайтып, кәсіпкерлерді қолдауға әрі бақылауды ашық жүргізу мақсатында қолға алынған бастама.
Десе де, салық міндеттемелерінің орындалуы кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айта кетейік. Егер салық төлеуші талапқа салғырт қараса, ең алдымен хабарландыру келеді. Оны елемесе, бірқатар шаралар қабылданады.
«Міндеттемелер одан әрі орындалмаған жағдайда, салық органдары мәжбүрлеу шараларына көшеді. Банк шоттарынан қаражатты өндіріп алу, дебиторлардың шоттарынан берешекті өндіріп алу, мүлігі болса, мүлікті сату және өзге де шаралар қолданылады. Соның ішінде елден шығуға шектеу қояды. Жалпы салықтық әкімшілендіру жүйесі оңтайланған қағида бойынша құрылған: алдымен ескертеміз, содан кейін шектеу қойылады. Бірақ ең соңында мәжбүрлеп өндіріп алу. Бұл салық төлеушілерге міндеттемелерін дер кезінде реттеуге және қосымша санкцияларды болдырмауға мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Айжан Бекеева.
Салық жүйесіндегі тағы бір өзгеріс – қосылған құн салығы. Жыл басынан бері оның базалық мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 процентке дейін өсті.
Сонымен қатар жүйе сараланған сипатқа ие болды. Мәселен, медицина секілді кейбір салалар үшін төмендетілген мөлшерлемелер қарастырылса, экспорт үшін нөлдік деңгейде сақталған. Сондай-ақ әкімшілендіру жүйесі күшейтілді. Қазір барлық үрдіс цифрландырылып, айналымдарға бақылау қатаңдай түскен. Бұл ретте бизнестің жайы не болып жатыр?- деген сұрақ туындайтыны орынды. Ауқымды реформаларға қарамастан кәсіптен түсетін салық мөлшері артып келеді. Алайда бизнестің құрылымы өзгергені байқалады. Соңғы деректерге сүйенсек, елдегі жеке кәсіпкерлер саны шамамен 3,6 пайызға азайған, ал жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес 1 жарым процентке қысқарған. Бірақ заңды тұлғалар саны керісінше артқан. Қорыта айтсақ, кәсібін дөңгелетіп отырғандар көлеңкелі экономикадан шығып, ісін заңды әрі ашық түрде жасай бастаған. Бұл мемлекет қазынасының толығуына, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге зор ықпал ететіні сөзсіз.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы жұмысын жалғастырады