Алматы ғалымдары Іле Алатауындағы табиғи ландшафтың өзгеруіне алаңдап отыр

11.03.2026 20:25

Іле Алатауы жылына шамамен 1 миллион текше метр мұздан айырылады

Алматы ғалымдары Іле Алатауындағы табиғи ландшафтың өзгеруіне алаңдап отыр. Мамандардың дерегінше, өңірдегі мұздықтар жыл сайын шамамен 1 пайызға азайып келеді. Осы қарқын сақталса, ғасыр соңына қарай олардың толық жойылып кету қаупі бар деп отыр. Орталық Азия бойынша қазірдің өзінде мұздықтардың 44 пайызы еріп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Іле Алатауы – тек Алматы өңірінің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның су қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық табиғи қор. Ғалымдардың айтуынша, 1958 жылдан бері бақылау жүргізіліп келе жатқан Тұйықсу мұздығы осы уақыт ішінде 1200 метрге шегінген. Жыл сайын ол көлемі жағынан шағын тау көліне тең келетін мұз қабатын жоғалтады. Жалпы алғанда, Іле Алатауы жылына шамамен 1 миллион текше метр мұздан айырылып отыр.

«Орталық Азияда мұздықтардың орны өте ерекше. Себебі бізде таудан ағатын судың 80% еріген қардың немесе мұздықтың еріген суынан құрылады. Сол себепті сол ағатын судың, оның ішіндегі мұздықтардан 4/1. Мұздықтарды үздіксіз тексеріп жүргізіп отырмыз. Сонымен бірге өңірлік, әлемдік ғалымдардың басын қосып, бірге зерттеулер жүргіземіз», – деді ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының директоры Такир Балықбаев.

Мұздықтардың жедел еруі тек табиғи ландшафты өзгертіп қоймай, ағын судың азаюына, тұщы су тапшылығына, тіпті мұхит суының температурасына дейін әсер етуі мүмкін. Сондықтан криосферадағы өзгерістер мемлекеттердің экологиялық қауіпсіздігімен қатар, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына да ықпал ететін маңызды факторға айналып отыр. Салдарынан су ресурстарын пайдалану бәсекесі де күшейіп келеді.

«Біз жаңа осы мәселені кеңінен талқыға салдық. Әрине жаһандық жылыну, мұздықтардың еруі, әсіресе, осы өңірде ең бірінші кезекте шаруалардың өміріне, жұмысына әсер етеді. Су ресурстарын сақтап қалу үшін біршама ұсыныстар айтылып жатыр. Қазір оны мемлекеттік деңгейде, өзге елдердің тәжірибесін қолдана отырып енгізуге болады», – деді Қазақстандағы Еуропалық одақтың өкілі Ааро Юлиталo.

Еуропалық Copernicus Climate Change Service дерегінше, өткен жыл метеобақылау тарихындағы ең ыстық үш жылдың қатарына енді. Мамандардың айтуынша, 2023-2025 жылдары әлемдегі орташа температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 1,5 градусқа жоғары болған. Осыған байланысты United Nations General Assembly қабылдаған резолюцияға сәйкес, 2025 жыл мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы деп жарияланды. Бірақ ғалымдардың болжамы алаңдатарлық. Егер климаттағы өзгерістер осы қарқынмен жалғасса, 2050 жылға қарай UNESCO-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енген 50 нысанның үштен біріндегі мұздықтар толықтай жойылып кетуі ықтимал. 

Орталық Азиядағы мұздықтар теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте орналасқан. Бұл мұздықтар – аймақтағы өзен-көл жүйесін қоректендіретін ұзақ мерзімді табиғи су қоймасы. Әсіресе, климаты құрғақ Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан секілді елдер үшін олардың маңызы ерекше. Өйткені, өңірдегі өзендердің басым бөлігі қар мен мұздық суынан бастау алады. Экологиялық мәселеге жұрт назарын аудару үшін Алматыда деректі фильмнің таныстырылымы өтті. Туынды Іле Алатауындағы мұздықтардың жылдан-жылға шегініп, табиғи қордың азайып бара жатқанын арқау еткен.

«Бұл фильмде мұздықтардың еруі адамдардың өміріне қалай әсер етіп жатқанын көрсетуге тырыстық. Қазақстан мен Қырғызстан тауларының етегінде тұратын халықтың қандай өзгеріс байқағанын көрсеткіміз келді. Қазір климатқа байланысты көшіп жүргендер пайда бола бастады. Дауыл мен құрғақшылық салдарынан егінін жоғалтып жатқан фермерлер бар. Сондай-ақ сел мен су тасқынынан зардап шеккен адамдар жетерлік. Міне, мұның бәрі – мұздықтардың еруінен туындаған салдары. Сондықтан су үнемдеу мәселесін қазірдің өзінде басты назарға алу керек», – деді жоба авторы Мадина Ашилова

Халықаралық ұйымдардың қолдауымен Алматыда мұздықтарды зерттеу орталығы да құрылған. Бұл – кешенді зерттеуге арналған әлемдегі бірегей ғылыми алаңдардың бірі. Орталық төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мамандардың айтуынша, табиғатта еру қарқынын толық тоқтату мүмкін болмаса да, ықпал етуші газдардың бөлінуін азайту, экологиялық саясатты күшейту арқылы бұл үдерісті баяулататын жол бар. Бұл ретте ғалымдар үздіксіз зерттеуін жалғастырып жатыр.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Толассыз жауған қар: Шымкенттегі көпқабатты үйлердің жертөлесі көлге айналып жатыр