Алматы инвесторлар үшін ашық әрі бизнесті қолдауға дайын

27.03.2026 19:45

Алматы әкімі Үндістанның Фармацевтикалық экспортты ілгерілету кеңесі ұйымдастырған Қазақстан-Үндістан бизнес кездесуіне қатысты

Алматы Үндістанмен бизнес және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайта түспек. Бұл жөнінде бүгін өткен Қазақстан-Үндістан бизнес-кездесуінде белгілі болды,  деп хабарлайды Almaty.tv.

50-ге жуық шетелдік компания бас қосқан ауқымды жиынға қала басшысы Дархан Сатыбалды да қатысты. Сарапшылар соңғы жылдары екіжақты серіктестіктің нығайып келе жатқанын айтады. Өйткені, өткен жылы Алматы мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 340 миллион долларға жеткен. Бұл – өзара экономикалық ынтымақтастықтың өскеніне дәлел. Сондай-ақ жүздесуде фармацевтика мәселесіне де ерекше ден қойылды. Бүгінде бұл бағытта мегаполисте бейінді кластерлер құрылып, ғылыми орталықтар ашылған. Бұдан бөлек, жаңа өндірістер де іске қосылып жатыр.

«Бүгінгі іс-шараға Үндістан Республикасынан 44 компания қатысып жатыр. Делегация құрамында 65 адам бар. Барлығы дәрі-дәрмек пен белсенді фармацевтикалық заттарды өндірушілер, импорт, экспорт және инновация саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер. Біздің мақсатымыз – Қазақстанмен сауда байланысын нығайтып, бизнесті ынталандыру. Бұл ретте инвестициялық бастамалар мен өндірісті кеңейту мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз», – деді Үндістан республикасының Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал.

  Оқи отырыңыз: Алматы зообағында үш амур жолбарысының күшігі дүниеге келді