Алматы кардиологиялық орталығы JCI аккредитациясын алды
JCI — әлемдегі медициналық ұйымдарды аккредиттеудің «алтын стандарты»
Алматы қалалық кардиологиялық орталығы сыртқы аудиттен сәтті өтіп, алғаш рет үш жыл мерзімге Joint Commission International (JCI) аккредитациясына ие болды.
Орталық еліміздегі JCI мәртебесін алған алғашқы қалалық клиника және Қазақстан Республикасындағы мамандандырылған шұғыл кардиологиялық көмек көрсету орталығы атанды.
JCI — әлемдегі медициналық ұйымдарды аккредиттеудің «алтын стандарты». Бұл сертификат пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және медициналық қызмет көрсету сапасының ең жоғары деңгейін растайды.
2026 жылғы 19-21 тамыз аралығында аудит жүргізген JCI халықаралық сарапшылары Орталықтың клиникалық процестеріне, оның ішінде дәрілік заттар мен хирургиялық араласулардың қауіпсіздігіне, инфекциялық бақылаудың қатаң сақталуына, тәуекелдерді барынша азайтуға және емдеудің барлық кезеңдерінде сапаны жүйелі түрде бақылауға жоғары баға берді.
2026 жылдың 8 айындағы қызмет ауқымы мен негізгі көрсеткіштер:
- Шұғыл медициналық көмек көрсету бағыты бойынша Орталық 1 133 968-ден астам тұрғыны бар халыққа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.
- Жыл басынан бері Орталықта 7 500-ден астам пациент стационарлық ем қабылдады.
- 9 000-нан астам операция мен медициналық процедура жүргізілді. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,5%-ға жоғары.
- Жоғары технологиялық медициналық қызметтерді дамыту қарқынды түрде жалғасуда.
- Күрделі кардиохирургиялық, аритмологиялық және интервенциялық араласулардың саны 43,2%-ға артты.
2025 жылы Орталық базасында алғаш рет жүрек трансплантациясы сәтті жүргізілді. Бұл айтулы оқиға Алматы қаласының кардиологиялық қызметін жаңа деңгейге көтеріп, Орталықтың аса күрделі операцияларды орындауға дайын екенін көрсетті.
JCI аккредитациясын алу — жоғары білікті Орталық командасының кәсіби еңбегінің мойындалуы ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту, отандық медицинаның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және медициналық туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудағы стратегиялық қадам.
Оқи отырыңыз: Елімізде жұмыспен қамту қызметін жетілдіру бойынша пилоттық жоба іске қосылады