Алматы халықаралық аренадағы туристік және іскерлік позициясын нығайтуда
Алматы әлемдегі жетекші туристік, іскерлік және оқиғалық орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалада ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, заманауи туристік экожүйе қалыптасып жатыр. Соның нәтижесінде Алматы MICE туризмі бағытындағы көрсеткіштерін жақсартқан.
Халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының (ICCA) жыл сайынғы рейтингінде Алматының позициясы бірден 10 сатыға көтерілген. Заманауи қонақүй кешендері мен көрме инфрақұрылымының дамуы халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу мүмкіндігін кеңейтіп отыр.
Қауымдастық мәліметінше, халықаралық іс-шараға келген бір қатысушы Алматыда орта есеппен 1210 АҚШ долларын жұмсайды. Бұл қаражатқа қонақүй, тамақтану және көлік шығындары кіреді. Ал бір конгрестен қала экономикасына орта есеппен 327 мың АҚШ доллары түседі. 2025 жылы осындай халықаралық іс-шаралардан түскен жалпы экономикалық әсер 2,94 миллион АҚШ долларын құраған.
Өткен жылы Алматыда 23 халықаралық MICE іс-шарасы өткен. Оларға 5 700 адам қатысса, оның 30 пайызы – шетелдік қонақтар. Мұндай халықаралық басқосулар Алматының іскерлік туризмдегі әлеуетін арттырып, қала экономикасының дамуына ықпал етіп отыр.
– Алматы халықаралық алаңдарда жүйелі түрде насихатталып келеді. Қала 2022 жылдан бері ICCA мүшесі және қауымдастықтың жыл сайынғы конгрестеріне қатысып жүр. Осы уақыт аралығында Алматы Краков, Абу-Даби, Бангкок және Порту қалаларында өткен конгрестерге қатысты. Ал 2026 жылдың соңына дейін Панама-Ситиде өтетін конгреске қатысу жоспарланып отыр, – деді Туризм бюросының менеджері Сымбат Жорабаева.