Корея тәжірибесі: Алматы балабақшасында ерекше әдіс енгізілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бір дән – мың мүмкіндік. Алматыдағы №180 балабақшада бүлдіршіндер бір ғана жүгері арқылы зерттеу жүргізіп, еңбекке араласып, топпен жұмыс істеуді үйреніп жүр. Ерекше әдіс Оңтүстік Кореяның мектепке дейінгі білім беру тәжірибесіне негізделген. Осыған орай балабақшада қалалық семинар өтіп, педагогтер шетелдік әріптестерінің озық әдістерін көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бір қарағанда қарапайым ғана жүгері дәні. Ал бүлдіршін үшін бұл – тұтас зерттеу әлемі. Балалар дәнді өздері егіп, оған күтім жасаған. Кейін өнімді жинап, тазалап, одан түрлі ойыншықтар мен қолөнер бұйымдарын жасаған. Осылайша бір ғана дән баланың зерттеушілік қабілетін дамытып, еңбекке қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берген.

– Бұл – шетелдік тәжірибені Қазақстанға сол күйінде енгізу емес. Керісінше, ол өз мүмкіндіктерімізге жаңа қырынан қарауға жол ашты. Оңтүстік Кореяның озық тәжірибесін күнделікті жұмысымызбен ұштастырып, ұлттық құндылықтарымызбен үйлестіре отырып қолдану – негізгі мақсатымыз, – деді №180 балабақшаның меңгерушісі Гүлмира Оспанова.

Жобаға ата-аналар да атсалысқан. Бірлесіп жасалған жұмыстар бүгінде балабақшадағы көрмеге қойылған. Ал жүгеріден дайындалған тәтті бәліш пен попкорн балаларға өз еңбегінің нәтижесін сезінуге мүмкіндік берген. Педагогтердің айтуынша, мұндай жұмыстар бүлдіршіндерді сабырлылыққа, жауапкершілікке және бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйретеді.

– Мұндай семинарлар педагогтер үшін де пайдалы. Оған дайындық барысында мамандар кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Бүгін логопед пен психологтің, тәрбиешілердің жұмысын көрдік. Мектепалды топтағы балалар да өз ойларын еркін әрі жақсы жеткізе алатынын көрсетті, – деді Мектепке дейінгі ресурстық орталықтың әдіскері Жанар Тұралина.

«Бір дән – мың мүмкіндік» семинарының мақсаты – баланың қызығушылығын ерте жастан оятып, өздігінен ойлануға және әрекет етуге баулу. Алматыдағы мектепке дейінгі ұйым педагогтері Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, Германия, Польша және Ұлыбританияның тәжірибелерін меңгеріп, тиімді әдістерін балабақша жұмысына енгізіп келеді.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, Almaty TV.