Алматы халықаралық туристік картадағы орнын нығайтып келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әлемнің саяхаттауға тұрарлық үздік 20 бағытының қатарына енді. Мұндай тізімді BBC Travel ақпараттық порталы жариялады. Бұл – қаланың халықаралық туристік әлеуетіне берілген жоғары баға. Бір қызығы, британдық басылым Орталық Азиядан тек Алматыны таңдаған. Материалда шетелдік туристерге шаһардың заманауи өнері, ұлттық қолөнері мен дәстүрлі тағамдары ұсынылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

BBC Travel Алматының мәдени тыныс-тіршілігіне ерекше назар аударған. Басылым қаладағы Алматы арт музейі мен Целинный заманауи мәдениет орталығын атап өткен. Сонымен қатар қазақтың көшпелі мәдениеті мен дәстүрлі қолөнерінің заманауи өнердегі көрінісі шетелдік туристерге қызықты бағыт ретінде ұсынылған.

Гастрономиялық туризмнің де Алматыда әлеуеті зор. Мәселен, Медеу шатқалындағы «Ауыл» мейрамханасы ұлттық тағамдарды заманауи үлгіде ұсынатын орын ретінде тізімге енген. Ал келер жылы өтетін The Spirit of Tengri халықаралық фестивалі де саяхатшылар үшін тартымды оқиғалардың бірі ретінде көрсетілген.

Дегенмен туризм саласының сарапшысы туристерді тартумен қатар, олардың қалада ұзақ аялдауына жағдай жасау маңызды екенін айтады. Сондай-ақ келушілер ағынын тиімді басқару қажет. Өйткені демалыс күндері Медеу мен басқа да танымал шатқалдарда көлік пен адам шамадан тыс көбейсе, қаланың өзге туристік бағыттарында келушілер аз. Сондықтан туристерді жаңа бағыттарға бағыттап, инфрақұрылыммен қатар қызмет көрсету сапасын да дамыту керек.

«Туристердің назарын аудару үшін қалада тек инфрақұрылым салу немесе көшелерді абаттандыру жеткіліксіз. Алматының өзіндік ерекшелігін көрсететін ұлттық өнімдер мен қызмет түрлерін дамыту қажет. Қазір кейбір туристік орындарда адам мен көлік тым көп шоғырланады. Ал басқа қызықты бағыттарға туристер жеткілікті деңгейде бармайды. Сондықтан келушілер ағынын реттеп, оларды қаланың басқа бөліктеріне де бағыттау қажет. Ол үшін қоғамдық көлік пен арнайы туристік маршруттарды дамытуға болады. Ең бастысы, әр бағытта туристерді қабылдауға қажетті жағдай жасалуы тиіс», – деді туризм саласының сарапшысы Еркін Тікенов.

Алматының туристік әлеуетін кеңейтуге бағытталған жобалардың бірі – Almaty SuperSki. Жоба тау туризмінің инфрақұрылымын дамытып, жаңа демалыс бағыттарын қалыптастыруды көздейді. Бұл саяхатшыларға ұсынылатын қызмет түрлерін көбейтіп қана қоймай, еңбек нарығына да жаңа талап қояды. Себебі мұндай кешендердің жұмысына инженерлер, құрылысшылар, техникалық қызметкерлер, аспалы жол операторлары, менеджерлер мен сервис мамандары қажет.

«Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру және даярлау бағытында мамандар даярлайтын алты университет бар. Олар елдің құрылыс саласын қажетті кадрлармен қамтамасыз ете алады деп ойлаймын. Жол салу үшін де құрылыс материалдарын әзірлейтін мамандар мен студенттер қажет. Қазір оларды заманауи талаптарға сай арнайы бағдарламалар бойынша даярлап жатырмыз», – деді Т. Бәсенов атындағы сәулет және құрылыс институты кафедрасының профессоры Кенжебек Ақмалаиұлы.

Алматының халықаралық туристік картадағы орны нығайып келеді. Мәселен, келер жылдан бастап Гонконг пен Алматы арасында тікелей әуе рейстерін іске қосу жоспарланып отыр. Ендігі міндет – туристік инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, ұлттық ерекшелікті танытатын жаңа бағыттарды дамыту және білікті мамандар даярлау.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек, Almaty TV.