Басқосуда сауда-экономикалық әріптестік, инвестиция тарту және бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды
Алматы қаласы Тәжікстан Республикасының өңірлерімен серіктестік байланысты нығайтуда. Екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін шаһар әкімі Дархан Сатыбалды мен Хатлон облысының төрағасы Саид Давлатали кездесіп, алдағы перспективаларды талқылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Басқосуда сауда-экономикалық әріптестік, инвестиция тарту және бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, былтыр қос тарап арасындағы тауар айналымы 17,5 пайызға өсіп, 347 миллион АҚШ долларын құраған.
«Алматыда тәжік капиталы бар 226 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көтерме және бөлшек сауда, көлік, қаржы қызметі және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Сондай-ақ Алматы – Тәжікстаннан, әсіресе Хатлон облысынан жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдері үшін ірі тұтыну нарығы саналады», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ынтымақтастықты дамытудың тағы бір маңызды қадамы – алматылықтар үшін ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі. «Алматы арена» кешені алдында тізілген сауда қатарларын қала әкімі мен Хатлон облысының төрағасы аралап, ұсынылған өнім түрімен танысты. Жәрмеңкеге 500 тоннадан аса жаңа піскен көкөніс пен жеміс, кептірілген жидек, жаңғақтар мен қолөнер бұйымдары қойылды. Өз сөзінде Саид Давлатали бұл жәрмеңке – Хатлон облысының өндірушілері мен Алматының бизнес қауымдастығы үшін әріптестікті тікелей нығайтатын алаңға айналатынын жеткізді.
Оқи отырыңыз: Алматыда қуықасты безі обырының алдын алу бойынша Ашық есік күні өтті