Білім басқармасы видеоға қатысты пікір білдірді
Алматы облысының Қолашы ауылында түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыланып жатыр. Видеода дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушының шашынан тартып, иығынан жұдырықпен ұрғаны анық көрінеді. Облыстық Білім басқармасы аталған дерек бойынша тергеу басталғанын хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода костюм киген ер адам орындықта отырған оқушыны шашынан тартып, кейін иығынан жұдырықпен ұрады, сосын баланы өзіне қаратып құлағынан тартады. Оқиға басқа оқушылардың көз алдында болған, алайда балалар ешқандай реакция білдірмейді.
Білім басқармасы видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, басқарма өкілдері, аудандық білім бөлімі және мектеп қызметкерлері қатысқан комиссия құрылып, қызметтік тергеу басталған.
"Тексеру барысында дене шынықтыру мұғалімі оқушыға соққы жасағанын мойындап, жазбаша түсініктеме берді. Өз өтініші бойынша атқарып жатқан қызметінен босатылды. Оқушының денсаулығына зиян келмегені анықталды", - деп хабарлады Білім басқармасы.
Қазір материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, тергеу басталған.
Оқи отырыңыз: Алматы жастары Халықаралық еріктілер күнін кең көлемде атап өтті