Алматы облысында қаламгер, ақын Қанат Біржансал еске алынды
Қанат Біржансалдың «Тауларым – менің тағдырым» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді
Алматы облысында ақын, журналист Қанат Біржансалды еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңір тынысын мақаласына, көңіл сырын жырларына арқау еткен қаламгер баспасөз саласында отыз жылдан астам еңбек еткен. Іс-шарада қаламгердің «Тауларым – менің тағдырым» атты кітабының тұсауы кесілді. Кеш ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаянмен басталып, «Ар алдында» қойылымымен жалғасты. Оқушылар ақын өлеңдерінен әдеби композиция ұсынып, өнерпаздар оның сөзіне жазылған әнді шырқады.
«Әкем Қанат Біржансалдың өмірден өткеніне 3 жылға жуық уақыт болды. Әкемнің мұраларын жинақтап, әріптестерінің пікірін біліп, естеліктерді толықтыра отырып, «Тауларым – менің тағдырым» атты кітап дүниеге келді. Бұл кітаптың атауының өзінде де ерекше мән бар. Әкем көзі тірісінде осы атауды беріп кеткен», – деді Қ. Біржансалдың қызы Индира Біржансал.
Қанат Біржансал аудандық «Хантәңірі» газетіне басшылық етіп, облыстық «Жетісу» басылымының меншікті тілшісі болды. Журналистикамен қатар поэзияда да қалам тербеп, бірнеше жыр жинақ пен тарихи-танымдық кітап жазды. Әріптестері «туған жерге сүйіспеншілік, елдік пен адамдық оның шығармаларының өзегіне айналған еді» деп еске алды.
«Қанат Біржансал – ақындық пен журналистиканың қос тізгінін тең ұстаған азамат. Журналистикада көптеген мәселелерді көтерсе, халықтың мұңын қозғаса, ал поэзиясын мөп-мөлдір қалпында сақтап қалды. Өлеңдерінен ол кісінің жан тазалығы, кітаптарының атынан-ақ байқайсыз», – деді Қазақстан Жазушылар одағының орынбасары Бейбіт Сарыбай.
Оқи отырыңыз: Алматыда Almaty Studios музыкалық және шығармашылық кеңістігі ашылады