Атырауда алғашқы протездеу орталығы ашылды
Атырау облысында 2 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж
Атырауда алғашқы протездеу орталығы ашылды. Енді түрлі жағдайда аяқ-қолынан айырылған өңір тұрғындары протез үшін Астана мен Алматыға сабылмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа орталықта келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда әр пациенттің дене бітімі мен қажеттілігі ескеріліп, арнайы протез дайындалады. Мамандар бұдан бөлек, оны күнделікті өмірде өздігінен дұрыс жүріп-тұруға да үйретеді.
«Адамға протезді бергеннен кейін де жұмысымызды жалғастырамыз. Ең алдымен протезді күнделікті өмірде дұрыс пайдалануды үйретеміз. Мысалы, қалай дұрыс отыру және тұру, жүру, баспалдақпен жоғары көтерілу, төмен түсу, түрлі кедергіден өту сияқты дағдыны меңгеруіне көмектесеміз. Соның бәрін пациентпен бірге кезең-кезеңімен пысықтап, жаттығамыз», – деді протез жасаушы Роман Назаров.
Мекеме жыл басында қызметке кірісіп, әлеуметтік қызметтер порталына тіркелген. Осылайша ерекше қажеттілігі бар азаматтар протездік құралдарды мемлекет есебінен тегін ала алады. Өткен 10 айда әлеуметтік бағдарлама аясында жүзге жуық адам ақысыз қызмет алған.
«Атыраудағы азаматтарға көмегі зор деп ойлаймын. Өйткені олар ортопедиялық көмекке Алматы, Астанаға бармай-ақ жақын жерден ала алады. Орталықтың ашылуы протездік көмектің сапасын арттырады», – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Мұратова.
Атырау облысында 2 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж. Жаңа орталық өңір тұрғындарының қажеттілігін өтеуге және олардың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік бермек.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Алматы ОҚКА дәрігерлері ампутация қаупі төнген науқастың аяғындағы қан айналымын қалпына келтірді