Алматы облысында көлік апатынан үш оқушы қаза тапты

28.05.2025 20:06

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды

Аlmaty.tv

Алматы облысының Іле ауданында жол апаты болып, салдарынан үш оқушы қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, мектеп оқушыларының бірі ата-анасының көлігін рұқсатсыз мініп, үш досын өзімен бірге көлікке отырғызып ала кеткен.

Алматы облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты 27 мамыр күні таңғы сағат 04:20 шамасында Төңкеріс – Байсерке – Қараой тас жолында болған.

Mitsubishi Galant маркалы автокөлікті кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған. Ол рөлге ие бола алмай, ағашқа соғылған.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында көлікті жүргізген оқушы мен оның жанында болған достарының бірі көз жұмды. Ал екі оқушы ауруханаға жеткізілгенімен, олардың бірі ауруханада қайтыс болды», – деп хабарлады полиция.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

«Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Барлық мән-жайлар анықталғаннан кейін заңды өкілдерге қатысты шара қолданылатын болады», – деп толықтырды ведомство.

Оқи отырыңыз: Шерзат Полат ісі: айыпталушы тараптың адвокаттары судья Жанұзақовқа қарсы шағым түсірді