Бюджет заңнамасы бойынша бірқатар заңбұзушылық анықталған
Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарының 17 лауазымды тұлғасы мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі мәлім етті.
Ведомство мәліметінше, биыл мамырда өңірдегі тексеру іс-шараларын аяқтады. Белгілі болғандай, аудит барысында ҚР-ның бюджет және өзге де заңнамалары бойынша бірқатар заңбұзушылық анықталған.
«Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде облыстың атқарушы органдарының 17 лауазымды тұлғасы заңбұзушылықтарға жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Өңірдің басқармаларының бірінің басшысына қатысты қазіргі уақытта қызметтік тексеру жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар облыс әкімі мемлекеттік аудит кезінде анықталған заңбұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бүгінгі таңда оны іске асыру жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы «Қазпоштада» миллиондаған қаржы жымқырылған