Тұрғындар тексеріс нәтижесі ауылды тұмшалаған иістің себебін анықтайды, тиісті шаралар қолға алынады деп үміттенеді
Алматы облысында пластик өңдейтін зауыт тұрғындардың тынысын тарылтты. Боралдай кентінің халқы бірнеше айдан бері таза ауаға зар болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Боралдайлықтар жаз басталғалы ауада өткір, жағымсыз иіс пайда балғанын байқаған. Елдімекенді тұншықтырған күйіктің иісі әсіресе күн батқан соң күшейіп, терезе ашуға мұрша бермейді екен.Тұрғындар мұны, іргедегі пластик қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттан көріп отыр. Өйткені мекеме дәл сол кезде жұмысын бастайтын көрінеді. Жұрт ауаны алып, үйге жайлаған ыс пен шаңның кесірінен тіпті ауыл балалары жиі ауыратынын жеткізді.
«Қиындықтар 2025 жылдың жазынан басталды. Жаз өте ыстық, терезе ашамыз ғой. Сол кезде үйге қатты күйген пластмассаның иісі шыға бастады. Зауыттан келіп жатқанын байқадық. Өртенген пластиктің иісінен демалу мүмкін емес. Біз арыз жаздық, құзырлы орган өкілдері шара қолдануын сұраймыз», – деді Боралдай кентінің тұрғыны Мұрат Мерекеев.
«Екі күннің бірінде балалар жөтеледі, іші өтеді. Бәрі ашылатын болса, мына жерде тұру мүмкін емес. Біз бұл жерді сатып алғанда, зауыт барын ешкім айтпады», – деді Боралдай кентінің тұрғыны Әсел Мұхаменова
Мәселенің анығына жету үшін атышулы зауытқа өзіміз бас сұқтық. Түсірілім тобы барғанда зауытта жұмыс қызу жүріп жатты. Мұнда ескі полиэтилен пакеттер мен пластик қалдықтары сұрыпталып, пресстеліп, жоғары температурада балқытылады екен. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, өндіріс ашық отсыз, заманауи әдіспен жүргізіледі. Ал мекеме басшылығы тұрғындар шағымынан хабардар.
Дәл қазір біз зауыт аумағына кіріп көрдік. Мекеме басшылығымен тілдесіп көргеннен кейін, белгілі болғандай бұл жерде қоқыс қаптары сұрыпталып, престеліп жаңа өнім шығарады. Ал тұрғындар шағымынан кейін, зауыт басшылығы өздері-ақ сарапшыларды шақырып, экологиялық тексеріс жүргізуді сұраған. Олар қандай да бір олқылық анықталса, жұмысқа өзгеріс еңгізуге қарсы емес.
«Біз өтінім беріп, арнайы зерттхана шақырдық. Бұйырса 1-2 жетіде қосымша тексереміз. Егер қолданатын шара болып жатса, жасаймыз», – деді өнідіріс зауытының өкілі Бауыржан Сонтеміров.
Бірақ жергілікті халықтың көңілі күпті. Осыған дейін нысанда өрт тіркеліп, салдарынан зауытқа айыппұл салынған. Ал Боралдай әкімдігі кәсіпорын биыл іске қосылғанын растады. Ресми мәлімет бойынша, нысан өнеркәсіптік аймақта орналасқан және барлық рұқсат құжаттары бар. Бірақ қандай санаттағы қалдықтар шығаратыны, экологиялық нормалары өндіріске сай ма? Осы сұрақтар бойынша әкімдікте мәлімет жоқ. Өйткені тексеріс әлі жүргізілмеген. Әкім экология департаментіне хаттаманы тек алдыңғы аптада жолдапты.
«Біз түсіндірме жұмыс жүргізген болатынбыз. Алайда осы күнге дейін ешқандай іс-қимыл зауыт басшылығынан болмағандықтан 10 күн, 1 жұма шамасында Алматы облысының экология департаментіне хат жаздық. Нәтижесін күтеміз. Департамент өз кезегінде тексеріс жүргізіп, нақты шешім қабылдайды», – деді Боралдай кентінің әкімі Данияр Қоңырбаев.
Тұрғындар тексеріс нәтижесі ауылды тұмшалаған иістің себебін анықтайды, тиісті шаралар қолға алынады деп үміттенеді.
Әйкерім Пернебек, Рашиддин Якупов, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда өңірдегі ең ірі технологиялық форумды өткізу жайы талқыланды