Алматы туризмі: 7 айда 137 миллиард теңге инвестиция тартылды
Биыл алғашқы 3 айда туризм саласынан қалалық бюджетке 22 миллиард теңге салық түскен
Инвестиция көлемі өсіп, туристер легі көбейген. Алматыға шетелден келетін қонақтар саны жыл сайын артып жатыр. Қаладағы қызмет түрлеріне сұраныс көбейіп, туризм саласына тартылатын қаржы көлемі де ұлғайған. Биыл 7 айда мегаполистің туристік саласына 137 миллиард теңгеден астам қаржы құйылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Туристер санының артуы Алматыға айтарлықтай экономикалық пайда әкеліп отыр. Биыл алғашқы 3 айда туризм саласынан қалалық бюджетке 22 миллиард теңге салық түскен. Соңғы 8 жылда бұл салаға салынған инвестиция көлемі де еселеп өскен. Кәсіпкерлер қаржысын жолаушылар тасымалына, әуе қатынасына, автокөлік жалдау қызметіне, ойын-сауық пен демалыс орындарына бағыттап отыр. Яғни, туристерге қызмет көрсететін тұтас инфрақұрылым дамып келеді.
«2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Алматыға 137,8 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Ол инвестиция былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,3 пайызға артық және соңғы 8 жылдың көлемін есептейтін болсақ, ең жоғарғы көрсеткіш болып саналады. Қонақүй саласында да өсімді байқауға болады. Биылғы жылы жеке инвестиция көлемінен 23 жаңа қонақүй ашылды. Алдағы жылы 87 қонақүйді ашу жоспарда бар», – деді Туризм басқармасының баспасөз хатшысы Ақбота Сақұлова.
Алматының басты туристік нүктелерінің бірі – тау кластері. Биыл алғашқы 3 айда 509 мыңнан астам адам барған. Жобаны дамыту аясында 30 аспалы жол салып, жаңа тау жолдарының жалпы ұзындығын 160 шақырымнан асыру жоспарланған. Ал болашақта бұл аумақтағы туристер санын жылына бес миллион адамға дейін жеткізу көзделген.
«Алматының тау кластерін дамыту тек аспалы жолдарды ұзарту немесе жаңаларын салу емес. Бұл – қаланың алдағы жылдардағы экономикалық дамуына тікелей әсер ететін жоба. Себебі туристік саланың ерекшелігі сол – қонақ қалаға келген кезде ақшасын бір ғана қызметке жұмсамайды. Оның қаражаты көптеген салаға бағытталады. Яғни, елге шетел валютасы келеді. Бұл қаражат Алматыда қалып, қала экономикасына және бюджетке жұмыс істейді», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Рысбеков.
Туризмнің дамуы ондаған бағыттағы қызметке сұранысты арттырады. Қонақүй кәсібі мен қоғамдық тамақтанудан бастап, көлік, сауда және ойын-сауық салаларына дейін жаңа мүмкіндік пайда болады. Сұраныс артқан сайын жаңа жобалар қолға алынып, қала инфрақұрылымына құйылатын инвестиция көлемі де көбейеді. Сондықтан тау курорттарын дамыту тек тау бөктеріндегі нысандардың дамуына әсер етпейді. Оның экономикалық пайдасы бүкіл Алматыға тарайды. Туризм осылайша мегаполис экономикасының негізгі өсім бағыттарының біріне айналып келеді.
Айдана Шалқар, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Алматының Түрксіб ауданында спорт пен демалысқа арналған жаңа аймақ көркейтілді