Қазақстандықтардың 8,5 пайызында кездесетін мигреньнен қалай қорғануға болады

Дәрігерлердің айтуынша, мигреньді толық емдеу мүмкін емес

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бастың солқылдап ауыруы, жүрек айнып, жарық пен дыбысқа тітіркену. Бірнеше сағатқа, кейде бірнеше күнге созылатын мигрень ауруы кейбір адамдар үшін қалыпты жағдайға айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Адамның күнделікті өміріне айтарлықтай әсер ететін мигрень – жүйке жүйенің созылмалы ауруы саналады. Бастың бір бөлігін солқылдататын ұстама бірнеше сағатқа, кейде тіпті бірнеше күнге созылуы мүмкін. Ал оның басталуына ұйқының қанбауы, шамадан тыс шаршау, күйзеліс, ауа райының бұзылуы, атмосфералық қысымның ауытқуы немесе күн тәртібінің өзгеруі секілді түрлі жағдайлар себеп болады. Бүгінде бұл дертпен әлем халқының 15 пайызы күресіп жүр. Ал Қазақстанда азаматтардың 8,5 процентінен анықталған. 

«Мигрень – жүйке жүйенің ең кең таралған ауруы. Басқаша айтқанда, бұл – бастапқы бас ауруы. Оған диагноз қою үшін қосымша МРТ жасау немесе қандай да бір зерттеу әдістерін жүргізу қажет емес. Бұл – клиникалық диагноз. Егер бас ауруының белгілері классикалық сипатқа ие болса, невролог-цефалголог дәрігер мигрень диагнозын қояды». – деді ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық орталығы ұлттық госпиталінің дәрігер-неврологі Гүлнәр Исақанова.¤

Дәрігерлердің айтуынша, мигреньді толық емдеу мүмкін емес. Алайда оны бақылауда ұстауға болады. Көп жағдайда адамдар бұл дертті бас ауруымен шатастырады. Ал нақты диагноз қою үшін ұстаманың жиілігін анықтап, негізгі себебін білген жөн. Бұл ретте мигреннің негізгі белгілеріне – бастың ауыруы, айналуы, жүректің айнуы, әлсіздік пен күш-қуаттың төмендеуі жатады. Ал ең сорақысы, үнемі ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдау екен. Бұл адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

«Ауырсынуды басатын дәрілерді шамадан тыс қабылдау өте қауіпті. Егер науқас дәрігердің нұсқаулығын ескермесе, өмір салтын дұрыстамаса, онда бұл ауру созылмалы түрге ауысуы мүмкін. Көп жағдайда мигреньді қоздырушы факторлардың бірі – ауа райы мен атмосфералық қысым саналады. Сол себепті одан құлан-таза айығып кету мүмкін емес», – деді ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық орталығы ұлттық госпиталінің дәрігер-неврологі Гүлнәр Исақанова.

«Бұрын басым жиі ауыратын. Аптасына екі-үш күн бойы бас ауруынан қиналатынмын. Бұл күнделікті өміріме де кедергі келтірді. Ауа райына байланысты немесе жай ғана бас ауруы деп ойлап, ауырсынуды басатын дәрілер қабылдайтынмын. Бірақ олар көмектеспеді. Шыдай алмайтын деңгейге жеткенде ғана дәрігерге қаралдым. Тексеруден өтіп, қажетті дәрілерді қабылдадым. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін», – деді қала тұрғыны Наргиз Әлиева.

Дәрігерлер емдеу тәсілі мен ауруды басатын дәрілерді әр адамға жеке тағайындайды. Ал науқас ұйқы режимін сақтап, уақытылы демалғаны абзал. Сондай-ақ арнайы күнделік жүргізу – жағдайды бақылауда ұстауға, әрі ауруды қоздыратын факторларды анықтауға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, жиі қайталанатын бас ауруын қалыпты жағдай ретінде қабылдауға болмайды. Сондай-ақ өз бетінше ем қабылдау да қауіпті. Сондықтан уақытылы тексерістен өтіп, дәрігер кеңесіне жүгінген жөн. 

Аяулым Көлжігіт, Әмина Үсенова

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында медициналық инфрақұрылымды дамытуға 5,7 млрд теңге бөлінді