Айдындағы қауіпсіздік ережесін бұзғандардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын да ескертті
Алматыда қыс мезгілінде су айдынындағы жазатайым оқиғаның алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Әнуар Юсупов осындай іс-шаралар туралы кеңінен баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, жылда мұз ойылып кетіп, аяқ асты жазым болатындар аз емес.
Қала аумағында қыста қауіп тудыратын осындай 6 су айдыны бар екен:
• Түрксіб ауданы: Әуежай көлі, Шестуха;
• Жетісу ауданы: Кемел шағынауданындағы Бірінші мамыр тоғандары;
• Медеу ауданы: Көлсай шағынауданындағы атауы жоқ су айдыны мен Сұлусай шағынауданындағы Юннат көлі;
• Алатау ауданы: Қарасу шағынауданындағы көл.
«Қазір айдындағы мұздың қалыңдығы 3–4 см ғана, кей жерде мүлдем мұз жоқ. Сондықтан барынша сақ болып, абайлау керек», – дейді Әнуар Юсупов.
Спикер бір адамның салмағын көтеретін мұз 15 см-ден басталатынын, іс-шара өткізу үшін оның қалыңдығы кемінде 25 см болуы тиіс екенін айтады. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін қауіпті жерлерде ескерту мен тыйым салатын белгілер орнатылған. Сонымен қатар осы қысқы кезеңде құтқарушылар, полиция мен жедел-құтқару бөлімшелері 48-ден астам рейд өткізген.
Білім басқармасымен бірлесіп қала мектептерінде қауіпсіздік ережелері мен үсік шалған кезде алғашқы көмек көрсетуді үйрететін сабақ өтіп жатыр.
Айдындағы қауіпсіздік ережесін бұзғандардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын да ескертті. 7 АЕК (27 524 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, оның 50 пайызын тездетіп төлеп тастауға да болады.
Қыс мезгілінде су айдындарындағы жазатайым оқиғаның қаупін азайту үшін ТЖД мынандай негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады:
• мұзға жалғыз шықпаңыз;
• мұздың беріктігін аяқпен тексермеңіз;
• егер мұз сықырлап, жарыла бастаса үрейленбеңіз, жүгірмеңіз де, жайлап мұзға жатып, қауіпсіз жерге қарай домалап барыңыз;
• егер ойық суға түсіп кетсеңіз, абыржымаңыз, қолыңызды кең жайып, мұздың үстіне жантайып шығуға тырысыңыз;
• адамды құтқару кезінде тез, батыл, бірақ аса сақ қимылдаңызз, құтқару құралын алыстау ұстап, 3–4 метр жерден беріңіз.
Оқи отырыңыз: 17 мыңнан астам әлеуметтік төлем автоматты түрде тағайындалды