Алматы тауларында биыл 600-ден астам адамға көмек көрсетілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының тауында биыл шамамен 600 адамды құтқарып қалды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында осындай мәлімет айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы туристердың көбеюі оқыс оқиғаның санына тікелей әсер ететінін атап өтіп, қыс мезгілінде  қауіпсіздік ережесін сақтау керектігін ескертті.

Алматы аумағында таулы жерлерде іздестіру-құтқару жұмысына екі бөлімше - ҚР ТЖМ РОСО және қалалық ТЖД Құтқару қызметі тартылған. Олардың жалпы саны 308 адам. Жұмысқа 447 бірлік техника мен тікұшақтар пайдаланылады. Туристердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2021 жылдың қараша айында таудың алыс аймақтарында 18 қос тігілді. Күн райы қолайсыз кезде сонда барып паналап, азық қорын пайдалануға болады. Қоста дәрі қобдишасы, мобильді құрылғыларды зарядтайтын станция, жылы көрпе мен ұзақ сақталатын азық-түлік қоры бар.

Қазір Алматы тауында төрт бақылау-құтқару пункті жұмыс істейді: Үлкен Алматы шатқалында (КҚП «БАУ»), Кіші Алматы шатқалында (КҚП «Тұйық-Су»), «Медеу» ауданында (КҚП «РОСО МЕДЕУ») және Бутаков шатқалында (КҚП «Мұзтау»). Олардың екеуі биылғы мамыр айында пайдалануға берілді. Бұл зардап шеккен туристерге көмек көрсету уақытын кей бағыттарда 3–4 сағатқа дейін едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.

2025 жылы ҚР ТЖМ, Алматы қалалық ТЖД құтқару бөлімшелері мен еріктілер 410 іздестіру-құтқару операциясын жүргізді. Соның арқасында 617 адам құтқарылды, олардың ішінде  кәмелетке толмаған 88 бала бар. 69 адам әртүрлі жарақат алған. Салыстырырсақ, былтырғы осы уақытта 360 операция жүргізіліп, 396 адам құтқарылған, оның 59-ы балалар, 43 рет алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілген.

Құтқарушылар қыс мезгіліндегі тауда қауіпсіздікті сақатуды тағы бір мәрте еске салды. Ең алдымен дұрыс киіну керек: қалың жылы киім, табаны таймайтын су өткізбейтін аяқ киім, қосалқы қолғап пен бас киім алып жүру керек. Міндетті түрде толық зарядталған телефон, пауэрбанк, шам, навигациялық құрал, дәрі қобдишасы, от жағуға арналған құралдар, сондай-ақ жеткілікті мөлшерде су мен қуатты тағам болуы керек.

Бағытты алдын ала жоспарлауға ерекше көңіл бөлу қажет: тауға жалғыз шықпай, қауіпсіз соқпақтарды таңдап, жақындарыңызға жүретін бағытыңыз бен қайтар кезіңізді хабарлап, ауа райын ескертіп,  қараңғы түспей тұрып кері қайту керек. Топпен жүргенде бірге болып, бөлінбеуге тырысыңыз.

Сондай-ақ құтқарушылар көшкін қаупі бар жағдайда соқпақтан шықпай, қалың қар жауғаннан кейін бірден тауға бармауға шақырды. Көрініс нашарлаған кезде тәуекелге бармай, тоқтап, жағдайдың жақсаруын күткен дұрыс. Суық тиюдің алғашқы белгілері байқалса, қозғалысты тоқтатып, жылынып, тамақтану қажет. Тауда ішімдік ішуге қатаң тыйым салынады. 

Мамандардың айтуынша, осы ережелерді сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алып, құтқару операцияларының санын азайтуға көмектеседі.

Оқи отырыңыз: Алматы ТЖД тұрғындарды жұқа мұзды баспауға шақырды

Новости партнеров