Алматы әуежайында жаңа магистральді рульдеу жолы салынып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv

Оның ұзындығы 05L–23R ұшу-қону жолағы бойымен 4 км, ал қосалқы рульдеу жолдарын қоса есептегенде 5,2 км болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы халықаралық әуежайы аэродром инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясындағы маңызды жобалардың бірі – жаңа магистральді рульдеу жолының құрылысын жүзеге асыруда. Бұл нысан әуе кемелерінің жерүсті қозғалысының тиімділігін арттырып, аэродромның өткізу қабілетін ұлғайтып, әуежайдың одан әрі дамуына берік негіз қалайды, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде әуежайдағы ұшу-қону жолақтарының бірі тек ұшу мен қонуға ғана емес, сонымен қатар әуе кемелерінің рульдеуіне де пайдаланылады. Жаңа магистральді рульдеу жолы пайдалануға берілгеннен кейін әуе кемелері жеке маршрутпен қозғалып, рульдеу уақыты қысқарады, аэродром жұмысының тиімділігі артады және әуе қозғалысының өсуіне дайындық күшейеді.

Жаңа магистральді рульдеу жолының ұзындығы 05L–23R ұшу-қону жолағы бойымен 4 км, ал қосалқы рульдеу жолдарын қоса есептегенде 5,2 км болады. Жолдың ені 44 метрді құрайды. Жалпы инфрақұрылым аумағы 305 000 м², оның ішінде 180 000 м² бетон жабыны және 125 000 м² асфальтты жиектері бар.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 500-ден астам маман мен 269 бірлік арнайы техника жұмыс істеуде. Бұл жұмыстарды жоғары қарқынмен жүргізуге мүмкіндік береді. Жоба аясында жер жұмыстары, негізді дайындау, бетон төсеу, асфальт жиектерін салу және халықаралық стандарттарға сәйкес аэродром инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аяқталғаннан кейін әуежайда әуе кемелеріне арналған жеке рульдеу бағыты пайда болады. Бұл жерүсті қозғалысының уақытын қысқартып, аэродромның өткізу қабілетін арттырып, әуежай жұмысының тиімділігін жоғарылатады.

Жаңа магистральді рульдеу жолының құрылысы Алматы халықаралық әуежайын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Жоба заманауи авиациялық инфрақұрылымды дамытуға, пайдалану қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға және әуежайдың Орталық Азиядағы жетекші авиациялық хаб ретіндегі ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Оқи отырыңыз: Алматы апорты қайта оралды: тарихи брендтің болашағы қандай