Парк 92 қосымша арнайы техникамен, ал жеңіл және қызметтік автокөліктер паркі 61 жаңа көлікпен толықты
Алматы халықаралық әуежайы әуежай инфрақұрылымын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасы аясында жерүсті қызмет көрсету техникасы паркін кешенді жаңғыртуды жалғастыруда. Инвестициялар перрондағы қауіпсіздікті, операциялық сенімділікті және әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы жылдары әуежайдың жерүсті қызмет көрсету техникасы паркі 92 қосымша арнайы техникамен, ал жеңіл және қызметтік автокөліктер паркі 61 жаңа көлікпен толықты.
Негізгі техника түрлерін жаңартуға ерекше назар аударылуда. Парк 22 қосымша багаж тартқышымен, 15 жаңа мұздануға қарсы өңдеу көлігімен, 7 қосымша әуе кемесін сүйреу тартқышымен, 11 жаңа қар тазалау машинасымен және 5 қосымша әуе кемелеріне жанармай құю көлігімен толықты.
Жаңғырту бағдарламасы аясында Алматы халықаралық әуежайы Орталық Азиядағы алғашқы электрлі әуе кемесін сүйреу тартқышын пайдалануға енгізді. Сондай-ақ әуе кемелерін жылытуға арналған техника паркі толығымен жаңартылды, алғаш рет әуе кемелерін кондиционерлеуге арналған қондырғы (ACU) және әуе кемелерін тасымалдауға арналған арнайы транспортер сатып алынды. Амбулифттер саны үш есеге артты.
Техника паркін жаңғырту перрондағы қауіпсіздікті арттыруға, жерүсті операцияларының сенімділігін күшейтуге және қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Электр техникасын енгізу әуежайдың экологиялық тұрғыдан тұрақты әрі заманауи жерүсті операцияларына көшуіне ықпал етеді.
Алматы халықаралық әуежайы қауіпсіздікке, тиімділікке, сенімділікке және тұрақты дамуға басымдық бере отырып, заманауи жерүсті техникасына инвестиция салуды жалғастырады.
Оқи отырыңыз: Әскери қызметшілер джиу-джитсудан өткен турнирде жүлделі орындарға ие болды