Референдумға дейін:
19
күн
3
сағат
57
минут

Алматы вейптердің заңсыз айналымын бақылау күшейттілді

Almaty.tv
Almaty.tv

Бастапқыда вейптерді темекіге қауіпсіз балама ретінде ұсынғанымен, іс жүзінде ол никотинге тәуелділіктің жаңа түріне айналған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өңірлік коммуникациялар қызметінде  вейптердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мен азаматтардың денсаулығына келтіретін зиянның алдын алу жағы талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласының өкілдері қолданыстағы тыйымға қарамастан, электронды темекілерді заңсыз сату тоқтамай отырғанын, жастардың оларға әуес болуы халықтың денсаулығына әжептәуір қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.

Алматыдағы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жақсылық Кұттықов вейптердің заңсыз айналымымен күрес мекеменің жұмысының басым бағытының бірі екеніне тоқталды.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында темекі өніміне қатысты заңсыз жүйенің жолын кесуге бағытталған профилактикалық және жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары вейптер жасөспірімдердің арасында көп тарап, бұл үлкен алаңдаушылық туғызып отыр», – дейді ол.

Айтуынша, бастапқыда вейптерді темекіге қауіпсіз балама ретінде ұсынғанымен, іс жүзінде ол никотинге тәуелділіктің жаңа түріне айналған.

«Қазір бұл кәмелетке толмағандарға қауіпті болып отыр. Мемлекет тарапынан біраз қатаң шаралар қабылданып,  вейптер мен оған арналған сұйықтықтарды сатуға толық тыйым салынып, интернет-сауда мен өнімді елге әкелуге бақылау күшейді. Сонымен қатар вейп өнімінің айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік те енгізілді», – деп атап өтті Жақсылық Кұттықов.

Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабына сәйкес айыппұл, қоғамдық жұмыс, қамауға алу, ұйымдасып істеп, ірі көлеммен ұсталса бес жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын еске салды.

«Соған қарамастан, көлеңкелі сауда сақталып отыр. Былтыр осындай 9 қылмыстық іс тіркелді, 12 онлайн-дүкен мен вейп сұйықтығын жеткізетін үш арнаның қызметі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 1,8 миллиард теңгенің өнімі тәркіленді», – деді спикер.  

Мәселенің медициналық қырын Алматы қалалық Психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев түсіндірді. Ол вейптердің адам ағзасына әсер ету механизмін жан-жақты баяндады.

«Вейп – қыздырылған кезде бу түзетін құрылғы, оның құрамында түрлі химиялық қосылыстар болады. Сұйықтық құрамындағы никотин тұрақты тәуелділік тудырады, бу арқылы өкпеге де қауіпті заттар түседі. Пропиленгликоль мен глицерин қыздырылған кезде формальдегид, ацетальдегид пен басқа да улы қосылыстар түзіледі», – дейді маман.

Маманның айтуынша, вейптердің қауіпсіздігі ғылыми түрде расталмаған.

«Тіпті никотинсіз вейптің өзі денсаулыққа қауіпті. Құрамында канцерогендер бар бу тыныс алу мүшелері мен жүрек-қан тамыры жүйесіне кері әсер етеді. Оның әсері жинақталып, уақыт өте келе бронх демікпесіне, созылмалы бронхит пен жүрек ауруына алып келуі мүмкін», – деп сақтандырды.

Оның сөзінше, балалар мен жасөспірімдердің вейп қолдануы ерекше алаңдаушылық туғызады.

«Хош иістендіргіш пен ауыр металдар ағзаның жетілуіне атсалысатын  эндокриндік жүйеге әсер етеді. Жасөспірім кезде бұл аса қауіпті. Қазірдің өзінде басы жиі ауырып, есте сақтау қабілеті төмендеп, ашушаң болып, депрессияға ұшырағандардан біраз шағым түсті», – деді орталық директоры.

2024 жылғы 19 сәуірде Қазақстанда электронды темекі мен вейпті сатуға, өндіруге және таратуға толық тыйым салатын заңға қол қойылғанын айтты.

«Психикалық денсаулық орталығы тұрақты түрде профилактикалық жұмыс жүргізеді. 2025 жылдың өзінде біздің мамандар білім беру ұйымдарында 220-дан астам семинар өткізіп, 30 мыңнан астам адамды қамтыды. Мақсатымыз – «зияны жоқ» шылым болмайтынын түсіндіру», – деп түйіндеді Рахменшеев.

Баспасөз конференциясына қатысушылар тұрғындарды, әсіресе жастарды өз денсаулығына жауапты қарап, вейп қолданудан бас тартып, электронды темекіні заңсыз сатқандар болса тиісті органдарға хабарлауға шақырды.

Оқи отырыңыз: Алаяқтық: Түркияда бой тасалаған ер адам елге қайтарылды

Новости партнеров