Алматы жастары: екі күнде 3 мыңға жуық өтініш түсті

Almaty.tv
Almaty.tv

Биыл Алматыда 1650 азамат қоныс тойын тойлайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда 1650 азамат қоныс тойын тойлайды. Өйткені мегаполисте жастарды баспанамен қамтуға бағытталған «Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылданып жатыр. Оған 35 жасқа дейінгі қала тұрғындары қатыса алады. 5 пайызбен 20 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Ал бастапқы жарна көлемі – 10 пайыз. Құжаттарды арнайы сайт арқылы онлайн тапсыруға мүмкіндік қарастырылған. Өтінімдер 15 маусым күні сағат 18:00-ге дейін қабылданады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Алматы жастары» бағдарламасының басталғанына небәрі 2 күн өтсе де, 3 мыңға жуық өтініш қабылданыпты. Биыл қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар біршама жаңартылған. Ал несиелеу шарттары өзгеріссіз қалды. 35 жасқа дейінгі азаматтарға 5 пайыздық мөлшерлемемен 20 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Алғашқы жарна көлемі – 10 пайыз. Құжаттарды қабылдау үдерісі «Kezekte KZ» сайты арқылы қабылданады. Баспаналы болуды армандаған жастардың қатарында алматылық Ақерке Алтынбек те бар.

«Өтінім қабылдау 2 күн бұрын басталды. Бүгіннен бастап құжаттарды жинап жатырмын. Сайт негізінен оңай, жүктеу қиын емес. Барлығын түсініп алдым. Нарықтағы пәтерлердің бағасын салыстырып көріп жатырмын. Пәтер алам деп үміттенем.Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, жастарға өте жақсы мүмкіндік деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Ақерке Алтынбек.

Биылғы жылы бағдарламаға енгізілген негізгі өзгерістердің бірі – Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болу талабының нақты бекітілуі. Бұған дейін жастар өтініш берер алдында ғана тіркеу мекенжайын ауыстырса, енді бұл талап жүйе арқылы автоматты түрде тексеріледі. Егер тіркеу мерзімі 12 айға толмаса, өтініш қабылдау барысында жүйе қате көрсетіп, өтінімді қабылдамайды.

«Жастардың 1 жыл тұрақты тіркеуге қатысты реніші бар. Бұл маслихаттың шешімімен бекітілген. Өндіріс және құрылыс министірлігінің хаты бойынша, өңірлік бағдарламаларда ортақ талап болуы керек. Толық хаттың негізінде шешім бекітілді», – деді Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы бөлімінің басшысы Рита Нұрбекқызы.

 Сондай-ақ биыл іріктеу кезеңінде қосымша балл беру мүмкіндігі енгізілді. «Отбасы банк» кемінде 2 миллион теңге көлемінде жинағы бар қатысушыларға қосымша бір балл береді. Бұл міндетті талап емес. Алайда аталған жаңашылдық жастар арасында қызу талқылануда. Көпшілікті депозитке салынған қаражатты кейін шешіп алу алаңдатады

«Алғашқы жарнаны егер де қатысушылар депозиттеріне салып,  бірақ іріктеуде өте алмай қалатын болса, болмаса төлем қабілеттілігін растай алмай қалып, кейбір себептермен өтпейтін болса, ол депозитіндегі бастапқы жарнасын яғни 2 миллион теңгесін шешуге мүмкіндік бар. Егерде соммасы 1 миллионға дейін болса, мобильдік қосымшадан өтінім беріп шеше алады 2 күннен кейін. Ал егерде сомма 1 миллион теңгеден жоғары болса, банкттің бөлімшесіне келіп өтінім қалдырып ақшасын шешуге болады», – деді  «Отбасы банк» АҚ Алматы қаласы филиалы бизнесті дамыту басқармасының басшысы Айжан Ғалымқызы.

Тұрғын үй саласының сарапшылары «Алматы жастары» бағдарламасы баспана нарығындағы бағаның қымбаттауына айтарлықтай ықпал етпейді деген пікірде. Мамандардың айтуынша, бағдарлама белгілі бір санаттағы жастарға ғана бағытталған. Сонымен қатар жеңілдетілген несие алушылар саны да шектеулі.

«Бұл бағдарлама тұрғын үй нарығын, жалпы баға саясатына елеулі өзгеріс әкелмейді. Себебі Алматы қаласы үлкен, тұрғын үй қоры да жеткілікті. Оның үстіне бағдарлама аясында берілетін шамамен екі мыңға жуық несие нарықтағы жағдайға айтарлықтай әсер ете қоймайды. Сондықтан уайымдаудың қажеті жоқ», – деді тұрғын үй сарапшысы Александр Пак.

2017 жылдан бері Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Алматы жастары» бағдарламасы талай жастың тұрғын үйге қол жеткізуіне жол ашты. Осы уақыт ішінде 8300-ден астам азамат қоныс тойын тойлады. Өткен жылы жеңілдетілген несие игілігін көргендер саны 2259 болса, биыл тағы 1650 жасқа өз шаңырағын алу мүмкіндігі берілмек.

Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда құрылыс саласына бақылау күшейтілді

Новости партнеров