Былтыр әкімдіктің қолдауымен жергілікті бюджет есебінен 33 арнайы техника сатып алынған
Алматыда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды. Былтыр төтеншеліктер 4 мыңнан астам шақыртуға шығып, 105 адамның өмірін сақтап қалған. Қалада жаңа бөлімшелер ашылып, техника жаңартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өткен айда №15 жаңа өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Онда 42 маман жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 2 өрт сөндіру бөлімін ашу жоспарланып отыр. Жауаптылардың сөзінше, бұл көмек көрсету уақытын қысқартып, қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Алматы қаласында 21 өрт сөндіру бөлімшесі бар. Алдағы уақытта тағы 2 бөлімше ашу көзделіп отыр. Олар Алма-Арасаннан жоғары орналасқан шағынауданда және Алатаудың Оңтүстік базасы аумағында, яғни Түрксіб ауданында ашылады», – деді Өрт сөндіру басқармасы бастығының орынбасары Асқар Жаманқұлов.
Материалдық-техникалық база да күшейтіліп жатыр. Былтыр әкімдіктің қолдауымен жергілікті бюджет есебінен 33 арнайы техника сатып алынған. Құтқарушылардың қаруына жедел әрекет етуге арналған жаңа байланыс автокөлігі қосылды. Көлік спутниктік байланыс, заманауи радиожүйелер, бейнебайланыс пен ұшқышсыз ұшу аппаратымен жабдықталған. Өрттің деңгейін жылдам анықтауға және жоғалған адамдарды іздеуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді енгізу құтқару қызметтерінің жеделдігі мен тиімділігін арттырады.
«Реанимобиль стандартты медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Оның ішінде өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, кардиомонитор, инфузоматтар және өзге де қажетті құралдар бар. Бұл көліктің артықшылығы қосымша құтқару жабдықтарымен қамтылған. Ол медициналық көмек көрсетуге де, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік береді», – деді ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы филиалының жетекшісі Жазылбай Қозыбахов.
Оқи отырыңыз: Алаяқтардың айласы: Алматыда зейнеткерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді