Алматыда 250-ден аса көшеде орташа жөндеу жұмысы жүргізілді

Келер жылы 800 газбен, 260 электр қуатымен жүретін қоғамдық көлік сатып алынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының транспорттық әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Биыл 250-ден аса көшеде орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. Ал кептелісі көп кейбір жол бөлігі кеңейтіліп қойған. Қоғамдық көлікпен жүретіндердің де саны артып, көрсеткіш 33 пайызға өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл Алматыда 255 көшедегі 250 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Ал келер жылы көрсеткіш тағы 300 километрге артады. Сондай-ақ 2024 жылы 25 шақырым жаңа жол салынған, ал 2025 жылы сан 35-ке өседі. Нәтижесінде сапалы жолдардың үлесі 92 пайыздан 95 процентке жеткізілмек.

"Транспорттық әлеуетті арттыру мақсатында Алматыда ауқымды жобалар атқарылып жатыр. Биыл Құлжа тас жолы 6 жолаққа дейін кеңейтілді. Нәтижесінде учаскенің автокөлік өткізу қабілеті екі есеге артты. Күнделікті бұл көшеден 80 мыңға жуық темір тұлпар жүріп өтеді. Сондай-ақ Саин және Мөңке би қиылысындағы жолайрықтың да құрылысы аяқталып, Абай даңғылы ұзартылды", – деді қалалық әкімдіктің жобалық кеңесінің ресми өкілі Ерден Тұрысбеков.

Ал Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысын 2025 жылдың жазында түгелдей аяқтау жоспарланған. Бұл аралықта қозғалыс толығымен ашылса, көлік өткізу қабілеті екі көшеде де кем дегенде 15 пайызға артпақ. Сонымен қатар Саин, Рысқұлов, Қажымұқан, Төле би көшелерін ұзарту жұмысы да жалғаса бермек.

"2023 жылы шаһардағы ауаның ластануына қатысты ауқымды зерттеу жүргізілді. Қорытындысына сай, Алматы атмосферасына орта есеппен 189 мың тонна зиянды қалдық шығарылғаны анықталды. Оның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 60 пайызға жуығы автокөліктен бөлінген", –деді Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Жаудат Жұманов.

Ауа сапасын жақсарту үшін шаһар билігі биыл 770 газбен, 115 электр қуатымен жүретін автобус сатып алған. Нәтижесінде қоғамдық көлікті пайдалану мерзімі 6 жылдан 2,5 жылға дейін қысқарған. Сондай-ақ осы жылы троллейбус паркі 100 пайызға жаңарып, 112 жаңа техника тұрғындарға қызмет көрсете бастады.  

"Автобус жолағының пайдасы көп. Баратын жерге кептеліссіз, тез жетеміз.  Ал таксиге мінсеңіз, кептелісте тұрамыз", – деді қала тұрғыны Айнаш Бақбаева.

"Тұрғындары миллионнан асқан Алматы сияқты мегаполистерде қоғамдық көлікті көбейткен дұрыс. Жұрт көп күтпейді. Автобус жүретін жолақтардың көбейгені дұрыс. Кептеліс болмайды, халық үшін өте қажет", – деді  қала тұрғыны Ираш Баймұратова.

Атап өтер жайт, биыл қала маңында тұратын тұрғындардың ыңғайлылығы үшін 20 автобус бағыты ашылған. Ал осы жылы қоғамдық көлікке мінген адам саны 33 пайызға артқан. Бір күнде 1,6 млн жолаушы автобус қызметіне жүгінген кездер де тіркелген. 2025 жылы бұл көрсеткіш тағы өсуі мүмкін. Себебі келер жылы 800 газбен, 260 электр қуатымен жүретін қоғамдық көлік сатып алынады.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: 

 

Новости партнеров