Алматыда 50 мыңға жуық адамды орналастыратын арнайы қалашық жасақталады
Қанат Бозымбаев ең алдымен апатты жағдайда қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нысандарды аралады
Құтқарушылардың дайындығы, дабыл жүйесі мен зардап шеккендерге көмек. Премьер-министрдің орынбасары Алматыға жұмыс сапарымен келіп, төтеншеліктердің қызметімен танысты. Қанат Бозымбаев ең алдымен апатты жағдайда қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нысандарды аралады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы – сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан шаһар. Сондықтан, жер сілкінісіне дайындық жұмыстары – маңызды мәселе. Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары ең алдымен Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел мақсаттағы «Алатау» оңтүстік базасына барды. Бұл нысан құтқарушыларды орналастыруға, жедел штабтар құруға және зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған. Алдағы уақытта мұнда гуманитарлық жүктерді қабылдайтын инфрақұрылым жасақтап, апатты жағдайда 50 мыңға жуық адамды арнайы қалашықта орналастыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Қанат Бозымбаев сейсмологиялық мониторингке де ерекше назар аударды. 2024 жылы «Медеу» стансасына алты арналы кең жолақты жаңа жабдық орнатылған еді. Ал Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығы бүгінде Қытай елімен ынтымақтастықты нығайтқан. Бұл бастамалар жер сілкінісін бағалау дәлдігін арттырып, ерте ескерту жүйелерін енгізуге мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ Қанат Бозымбаев Төтенше жағдайлар департаментінің және бірыңғай 109 байланыс орталығының да жұмысымен танысты. Бұл орталыққа 7 шілде мен 13 қазан аралығында 103 мыңнан аса өтініш түскен. Мекеме қызметкерлерінің сөзінше, мұнда коммуналдық желілердегі апат, тұрмыстық мәселелер және құтқарушылардың көмегін қажет ететін оқиғалар жайында хабарламалар қабылданады.
«Қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 1,5 мыңға дейін қоңырау түседі. Алдағы уақытта айына 100 мыңнан 200 мыңға дейін қоңырау қабылдау жоспарланып отыр. Қазір тек әлеуметтік желілер арқылы байланысуға мүмкіндік бар. Telegram арна мен арнайы портал ашу жұмыстарын пысықтап жатырмыз. Жыл соңына дейін барлығын іске қосамыз», – деді қалалық Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының директоры Сұлтан Оразбаев.
Жұмыс сапарында зардап шеккен тұрғындарды қабылдау пункттері де назардан тыс қалмады. Алдағы уақытта қаланың барлық 8 ауданында осындай 384 пункт ашу жоспарланған. Бүгінде олардың 150-і жылжымалы қоймалармен жабдықталған. Төтенше жағдай туындаған кезде аталған қоймалардан қажетті заттар жедел жеткізіледі.
Аяулым Көлжігіт, Адель Ақжаркенова, Хангелді Ахметханов, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматыда Саин көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі