Алматы прокуратурасы мен байланыс операторлары алаяқтарға қарсы күш біріктірді
Алматы прокуратурасы мен байланыс операторлары алаяқтарға қарсы күш біріктірді. Соның нәтижесінде, миллиондаған қоңырау бұғатталып, заңсыз колл-орталықтардың жолы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтық жағдайлары жиілеп барады. Әккілер адамның сеніміне кіріп, бірнеше минутта бар ақшасынан айырады. Қала тұрғыны Аида Әмірқұлованың айтуынша, алаяқтар оған неше түрлі сылтаумен жиі хабарласады.
«Маған алаяқтар «нөмеріңіздің телефоныңыздың мерзімі аяқталды» деп хабарласып, код сұрады. Оператор желісіне өзім хабарласқанда, ешқандай хабарлама жібермегенін айтты. Банктерден, почта желісінен де түрлі хабарлама келіп жатады. Алаяқтардан үнемі келетін хабарламаларға кейде өзім де сеніп қалам», – деді қала тұрғыны Аида Әмірқұлова
Мұндай жағдайларды азайту үшін Алматы қаласының прокуратурасы ірі байланыс операторларымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде 6 миллионнан астам алаяқтық қоңырауға тосқауыл қойылып, жәбірленушілер 268 млн теңге сомасына 85 талап-арыз беріпті. Ал оның 69-ын сот қанағаттандырған.
«Қала прокуроры Серік Кәріпбековтің бастамасымен байланыс операторларымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұған дейін осындай келісімдер «Қазақтелеком» АҚ жасалған», – деді қалалық прокурордың көмекшісі Райымбек Шәріпбаев.
Сондай-ақ SIM-box пен заңсыз колл-орталықтарды пайдаланудың 14 фактісі анықталып, жүзден астам интернет-ресурс бұғатталыпты. Одан бөлек, 9 қылмыстық іс бойынша айыптау үкім шықты. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, аталған іс-шара жедел ақпарат алмасуды, құқық бұзатын байланыс арналарын бұғаттауды және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар заманауи алаяқтық схемалар мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіруді талап ететінін атап өтті.
Гүлмарал Изатқызы, Медет Саматұлы
Оқи отырыңыз: Остеопороз: Алматыда ауру саны артқан