Ал ақ халаттылардың айтуынша, соңғы уақытта есірткіге тәуелді азаматтардың саны біртіндеп азайып келеді
Биыл алғашқы бес айда Алматыда есірткіге тәуелді 63 адам есепке алынды. Олардың арасында бір кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Бұл туралы Қалалық психикалық денсаулық орталығының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Есімін атамауды өтінген азаматтың зиянды әдетке әуестігі 16 жасында алкогольден басталған. Уақыт өте келе бұл тәуелділік есірткіге ұласып, өмірін күрт өзгерткен. Бүгінде екі баланың әкесі отбасынан айырылған.
«Орталықта ем қабылдап жатырмын. Келгеніме бір аптадай болды. Күн сайын өзімді жақсырақ сезініп келемін. Бұл жолды таңдағаныма өкінемін. Ең бастысы тәуелділіктен толық арылып, бұрынғы өміріме қайта оралғым келеді. Сондықтан барша жастарға айтарым – есірткінің соңы ешқашан жақсылыққа апармайды», – деді қала тұрғыны.
Ал ақ халаттылардың айтуынша, соңғы уақытта есірткіге тәуелді азаматтардың саны біртіндеп азайып келеді. Жыл басынан бері 300-ден астам адам стационарлық ем қабылдаған. Оның ішінде 19 науқас толық сауығып, наркологиялық есептен шығарылыпты. Дегенмен қалада наркологтардың тұрақты бақылауында 1148 адам бар. Дәрігерлердің айтунша, тәуелділіктен арылудың ең басты жолы – адамның өз еркі мен дер кезінде басталған ем.
«Біріншіден науқастар келген кезде олардың ағзалары уыттанып тұрады ғой. Сондықтан бірінші саты ол – «детоксикация». Және абстиненттік синдром, егер психоз болса және қосымша бауыр, орталық жүйке жүйесі, бүйрегі зақымданады. Соларды дәрілер арқылы яғни медикаментозды жолмен қалпына келтіру. Одан кейінгі екінші саты ол – психологиялық тәуелділікпен айналысу. Яғни оңалту шаралары. Онда психолог жұмыс істейді, психотерапевт жұмыс істейді», – деді Психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Данияр Сапарұлы.
Ал тәртіп сақшыларының мәліметінше, биыл есірткіні насихаттайтын 4,5 мыңнан астам заңсыз жарнама анықталып, жолы кесілген. Нашақорлыққа қарсы күрес шаралары күшейтілді.
«Биыл Алматы қаласында 342 есірткі қылмысына төтеп берілді, тосқауыл қойылды. Оны жасаған азаматтар құрықталып, қазіргі таңда біразы соттың шешімімен бостандықтарынан айырылған. Заңсыз айналымнан 143 келі есірткі зат тәркіленді. 54 есірткі бет белгісін қоюшылар құрықталды», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының соңғы дерегіне сәйкес, 2024 жылы әлемде 331 миллион адам заңсыз есірткі қолданған. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сарапшылар әсіресе синтетикалық есірткілердің таралуына алаңдаушылық білдіріп отыр.
Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Жүк тасымалымен келген есірткі: Ақтауда 33,5 келі марихуана тәркіленді