Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың басым бөлігі балалы отбасыларды қолдауға бағытталған
Бүгінде 700 мыңға жуық алматылық әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алады. Бұл – көпшілік үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін маңызды қолдау, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бір азамат көмектің бірнеше түрін қатар алуы мүмкін. Жүйе азаматтарға бала дүниеге келген сәттен бастап зейнетке шыққанға дейін қолдау көрсетеді. Алайда оны заңсыз жолмен пайдалануға тырысатындар да бар. 7 мыңнан астам зейнетақы ісін тексеру кезінде мамандар жалған құжат ұсынылған 82 деректі анықтаған. Соның салдарынан 100 миллион теңгеден астам қаражат негізсіз төленіпті.
«Әлеуметтік төлемдердің жалпы соммасы 48.5 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 9500 әйелге 12.1 миллиард теңге тағайындалған. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлем 46283 адамға тағайындалып жалпы соммасы 21.8 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар, еңбекке қабілеттілігінен айрылу, асыраушысынан айрылу, жұмысынан айрылу жағдайлары бойынша да әлеуметтік төлемдер төленді», – деді «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Балғын Сәтбекқызы.
Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың басым бөлігі балалы отбасыларды қолдауға бағытталған. Мәселен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілікке және босануға байланысты көмекті 9 мыңнан астам жұмыс істейтін әйел алған. Осы мақсатқа 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Тағы 50 мыңға жуық адамға бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне деп жәрдемақы төленген.
«Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі сапалы және жаңа кезеңге қадам басты. Егер бұрын өтініші негізінде болса, қазіргі таңда жүйе азаматқа тиесілі, мемлекеттік қолдау шаралары оның қажеттілігі туындаған сәтте проактивті түрде көрсетуге бағытталуда. Бұл халыққа мемлекеттік қызметкердің қолжетімділігін арттырып қана қоймай әлеуметтік қорғау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін де қамтамасыз етеді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитеті департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков.
Оқи отырыңыз: Экологияны жақсартуға септігін тигізеді: Алматыда қызыл түсті электробустар қолданысқа берілді