Алматыда альцгеймерді емдейтін швейцариялық аппарат таныстырылды

Маманның айтуынша, ем бірнеше кезеңнен тұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Деменция дертіне душар болған азаматтарды емдеу енді жеңілдей түседі. Алматыда адамды алжытатын кесел Альцгеймер ауруынан айықтырудың жаңа тәсілі ұсынылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Науқастарды дерттен арылту «транскраниалдық импульстік стимуляция» деп аталатын әдіс бойынша жүзеге аспақ. Яғни, емдеу барысында арнайы аппарат арқылы миға төмен энергиялы акустикалық толқындар жіберіледі. Дәрігерлердің сөзінше, бұл ми жасушаларының жұмысын белсенді етуге көмектеседі.

Айта кету керек, аталған технология негізгі еммен қатар қолданылады.

«Қазақстанда және Орталық Азияда алғаш рет Швейцариялық компания әзірлеген нейротип жүйесі дәрігерлерге таныстырылмақшы. Бұл жүйе мидың ТПС жүйесі деп аталады, мидың транкраниалдық импульстік стимулияциясына негізделген. Яғни, хирургиялық араласуды қажет етпейтін, өте қауіпсіз және инвазивті емес әдіс», – деді Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы директорының хирургия ісі жөніндегі орынбасары Ермек Желдібаев.

Әлемнің бірқатар елінде 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан емдеу тәсілі жайлы Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Швейцариядан келген сарапшы баяндады. Маманның айтуынша, ем бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы екі аптада науқас алты сеанс қабылдайды. Әр процедура шамамен 30 минутқа созылады. Кейін нәтижені сақтау үшін 4-6 апта сайын бір сеанс өткізіледі.

«Бұл технология арқылы әлемде 20 мыңға жуық науқас емделді. Яғни 100 мыңнан астам сеанс өткіздік. Осы уақыт аралығында ешкімнен қарсы көрсетілімдер байқалмады. Айта кетейін, ем жүргізу өте жеңіл», – деді өндіруші компанияның халықаралық сарапшысы Себастьян Мюллер (Швейцария).

Оқи отырыңыз: Ішек инфекциясы өршіп тұр: Шымкентте 500-ге жуық адам ауруханаға түсті