Алматыда алдағы бес жылда өнім көлемін 70 триллион теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр

Almaty.tv
Almaty.tv

Биыл Алматы экономикасы жоғары қарқынмен дамып, қысқа мерзімді индикатор 11 пайыздан асты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы экономикасы жоғары қарқынмен дамып, қысқа мерзімді индикатор 11 пайыздан асты. Көрсеткіштің ұлғаюына бизнеспен қатар, инвестиция мен салық та әсер еткен көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алатауымен баурап, сұлулығымен тамсандырған ару Алматы – еліміздің әсем қалаларының бірі ғана емес, ол ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Өйткені, дәл осы шаһарда өндіріс өніп, кәсіп дөңгелеп, тіршілік қыж-қыж қайнап жатыр. Биылғы экономикалық өсім бойынша да Алматы өзге өңірлерге дес берер емес. Жоқ көш бастап тұр десек дұрыс шығар.

Соңғы 11 айда қысқа мерзімді индикатор 11,4 пайызға жетіпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге дейін көп. Ал өсімнің негізгі драйверлері – құрылыс, көлік саласы және өңдеу өнеркәсібі.

Сондай-ақ экономикалық жоғары қарқын инвестициялық белсенділік есебінен де нығая түскен. Қаңтардан қарашаға дейін шетелдің қалталы азаматтары қаланың негізгі капиталына 1,9 трлн теңге инвестиция құйыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайыз көп.

Сонымен қатар, жалпы құны шамамен 500 миллиард теңге болатын 12 ірі инвестициялық жоба іске қосылған. Олардың қатарында шиналарды қайта өңдейтін және жеңіл көліктер шығаратын мультибрендті зауыт, шыны ыдыс өндіретін кәсіпорын секілді түрлі бастама бар. Мегаполистің жалпы өңірлік өнімінің өсімі 6,4 пайыз деңгейіне жетті. Бұған инвестициядан бөлек, салық түсімдерінің тұрақты артуы да ықпал еткен.

Нақтырақ айтсақ, салық есебінен жергілікті бюджетке 11 айда 1 триллион 970 миллиард теңге түсіпті. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, бұл былтырмен салыстырғанда 19,4 пайыз көп.

«Қаланың 2030 жылға дейін жаңа даму жоспары әзірленді. Қаланың ең негізгі басымдығы – экономиканың орнықты түрде өсуі. Өйткені, тұрақты дамудың тірегі – мықты экономика. Биыл Алматыда іскерлік белсенділік те, инвестициялық динамика да жоғары деңгейде сақталды. Биыл қаңтар-қараша айларында Алматы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 11,4 пайыз құрады», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Шаһар экономикасының дамуына сондай-ақ шағын және орта бизнес те айтарлықтай ықпал еткен. Бұл сектор жалпы өңірлік өнімнің шамамен 60 пайызын және жергілікті бюджетке түсетін кірістердің басым бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Қазір қалада 387 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан бар. Былтыр олардың қатары 9,4 пайыз кем болған. Бүгінде бұл салада қала халқының 90 пайызы, яғни 1 миллионнан аса адам еңбек етіп жүр. Ал өндірілген өнім көлемі 21%-ға артып, бірінші жартыжылдықта пайда 13,2 трлн теңгеге жеткен. «Көзін тапсаң, кәсіп көп» демекші, алматылықтар осылайша іскерлікпен айналысып қана қоймай, шаһарды ел экономикасының күре тамырына айналдырып отыр.

Кәсіпкерлер мемлекет назарынан ешқашан тыс қалған емес. Биыл дәстүр жалғасып, бизнесті дамыту ісі қарқынды жүзеге асты. Бұл мақсатта жыл басынан бері 50 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініп, мыңнан аса жобаға қолдау көрсетілді. Бұл бастама – мегаполисте іскерлік белсенділікті арттырып, азаматтардың екі қолға бір күрек табуына бағытталған. Нәтижесінде жаңа 92 мың жұмыс орны құрылып, қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсарды.

Айта кетейік, шаһардың әл-ауқатын арттыру мақсатында 2026-2030 жылдарға арналған қаланы дамыту жоспары бекітілген болатын. Оның аясында алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 70 триллион теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғайту жоспарланып отыр.

Қорыта айтқанда, беталыс жаман емес. Биліктің бауыры бизнеске бұрып тұрғанда, белді бекем буып кіріскен әрбір іс жемісті жүзеге асары хақ.

Оқи отырыңыз: Еліміздегі әскери медициналық мекемелерде 13 мыңнан астам адам ем қабылдаған

Новости партнеров